Түркістан облысында бес баланың анасы Қазақстан азаматтығын ала алмай жүр. Төле би ауданының тұрғыны Нодира Асилова 18 жыл бойы сенделіп жүргенін айтады. Аудандық көші-қон бөлімінен бастап, Алматыдағы Өзбекстан елшілігіне дейін есік қағыпты. Бірақ, нәтиже шығара алмаған. Соның салдарынан мемлекеттен берілетін түрлі жәрдемақылардан қағылып отырмын дейді ол, деп хабарлайды zakon.kz Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.
Бұл – Хайтмурат болады, 2007 жыл январде туылған. Бұл – Ислам болады, 2008. Бұл – Фердауыс 2015 жыл.
Нодира Асилова Қазақстанда 2003 жылдан бері тұрады. Төле би ауданына қарасты Бірінші мамыр ауылына көрші Өзбекстаннан келін болып түскен екен. Әу баста, азаматтықпен оның енесі айналысыпты. Құқықтық сауаты жоқ апаны ауданның көші-қон бөлімі әр есікке бір сілтей берген соң, қолын бір сермеп қоя салған көрінеді. Міне, содан бері 18 жыл өтті. Нодира азаматьығын әлі күнге ала алмай жүр.
Нодира Асилова, Өзбекстан Республикасының азаматы:
2015 жыл болды, 2016 болды РОВД-ға бардым, РОВД-дан Шымкентке жіберді. Шымкент РОВД-на бардым далбасасы көбейіп кетті маған. Постоянно менің жағдайым жоқ, ары-бері жүруге. Кейін Алматыға посольствоға бардым. Ол жерде маған Ташкентке барып, убытие қағазын алып келесің деді. Ташкентке баруға да жағдайым болған жоқ.
Нодира тұрғылықты мекен-жайдан кеткені туралы қағазды алу үшін Ташкентке бірнеше мәрте, соңғы рет 2018 жылы барғанын айтады. Бірақ, ол жақтың құзырлы органдары оны бермей қойыпты.
Нодира Асилова, Өзбекстан Республикасының азаматы:
Менде вид на жительство қазір. Міне, Ташкенттің паспорты и мынандай вид на жительство. Осымен ғана жүрмін. Мына құжатпен Ташкентке өте аламын. Қазір, короновирус болғалы бері бармай жүрмін қазір.
Алматыдағы Өзбекстан Елшілігімен Тәшкеннің арасын жол еткен азаматша ақыры болмаған соң, Төле би аудандық Nur Otan партиясынан көмек сұрапты. Жуырда ғана облыстық мәслихат депутаттығына сайланған танымал журналист Ғалымжан Елшібайдың қабылдауында болған. Халық қалаулысы оның мәселесін оңтайлы шешіп беруге уәде етті.
Ғалымжан Елшібай, облыстық мәслихаттың депутаты:
ҚР азаматтығы туралы заңға жүгінсек, Заңның 16 бабында ҚР кемінде 5 жыл тұрған немесе ҚР азаматымен 3 жыл некеде тұрған азаматқа "азаматтық" берілетіні атап көрсетілген. Біз осы заңдылықты басшылыққа ала отырып, Төле би аудандық Ішкі істер басқармасына, миграция бөліміне арнайы хат жолданды. Ендігі кезде, осы заңға сәйкес, өтініші қанағаттандыруын бақылауда ұстайтын боламыз.
Бүгінде Нодираның 2 қыз, үш ұлы бар. Үлкені 16-да, сүт кенжесі 5-те. Күйеуі Қазақстан азаматы. Сондықтан, неке куәлігінен бастап, барлық перзентінің туу туралы құжаттарын түгендеп алған. Ал, өзінің қолында тек, Өзбекстанның паспорты мен біздің елде уақытша тұруға арналған Ықтияр хаты ғана бар. 10 жылға берілген Ықтияр хаттың мерзімі соңына таяп келеді. Осы жылдың маусымына дейін жаңалатпаса, айыппұл төлеуі мүмкін.