Мәжіліс депутаттары Зарина Камасова және Ғалымжан Елеуов және Лариса Павловец бүгін коронавирус инфекциясына қарсы екпе алды, деп хабарлайды zakon.kz.
Мәжіліс депутаттары вакцинаның бастапқы кезеңінен өздерінің медициналық әріптестерімен қатар алғашқылардың бірі болып өтті. Олар VII шақырылымдағы Мәжіліс депутаттары болып сайланғанға дейін індетпен күрес шеңберінде аймақтарда медициналық мекемелерде жұмыс істеп, халыққа қажетті көмек көрсетті.
Депутаттар жаппай вакцинациялау ұжымдық иммунитетті тез қалыптастыруға және қазақстандықтардың өмірін қалыпты жағдайға келтіруге мүмкіндік беретініне сенім білдірді.
- Дәрігер ретінде мен қазір жаппай вакцинациялау ғана коронавирустың таралуына қарсы тұра алатындығын жақсы түсінемін. Әрине, бұл әр адамның еркі. Мен нақты шешім қабылдадым: екпе жасатамын. Өйткені, ол менің де, туыстарым мен достарымның да денсаулығы осыған байланысты, - деді Мәжіліс депутаты Ғалымжан Елеуов.
Депутаттар екпе енгізілгеннен кейін денсаулықтарының бірқалыпты екендіктерін айтты.
Сонымен қатар, журналистер Мәжілістің басқа депутаттарын, оның ішінде Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің екпе салдыру жоспары туралы сұрады.
Мәжілістің Баспасөз қызметі түсіндіргендей, қалған депутаттарды вакцинациялау наурыз айында Денсаулық сақтау министрлігінің кестесіне сәйкес жүргізіледі. Ал, Мәжіліс Төрағасына қатысты айтар болсақ, Нұрлан Нығматулин осыған дейін коронавирус инфекциясымен ауырғандықтан, жеткілікті антиденелер бар. Осыған сәйкес, екпе салдыруды қажет ететін медициналық көрсеткіштері жоқ.