"Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалына тұрғындар тарапынан өтініш-шағымдар, сұрақтар легі толастаған емес. Қор тұрақты түрде тұрғындармен кері байланыста жұмыс жүргізіп отырады. Барлық шағымдар CRM Aikey жүйесі мен Qoldau 24/7 мобильді қосымшасына жүктеледі. 2020 жылы CRM Aikey жүйесінде 1227 өтініш тіркеліп, халықты ақпараттандыру және өтініштерді қарау бөлімі олардың бәрін уақытылы қарады. 2021 жыл басталғалы 129 өтініш түсті" - дейді "Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" КеАҚ Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының баспасөз қызметі.
Осы секілді, баспасөз арқылы қойылған сауалдарға Медициналық сақтандыру қорының Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының директоры Нұрлыбек Қабдықапаров жауап береді:
- Нұрлыбек Рысқалиұлы, МӘМС жүйесі енгізілгелі бері медициналық көмек алу барысында тұрғындар тарапынан туындайтын сұрақ көп. МӘМС жүйесінде қандай медициналық қызметтерді тегін алуға болады?
- МӘМС жүйесіне мүмкіндігіне қарай төлем жасаған әр азамат МӘМС бойынша көмек алу үшін жүгінген кезде қажетіне қарай ем алады, тіпті қажет болған жағдайда құны қымбат жоғары технологиялық медициналық қызметтер де МӘМС жүйесінде тегін жасалады.
Қазіргі уақытта медициналық қызмет екі пакет бойынша көрсетіледі: тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі (ТМККК) аясында және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесінде. Бұл бағыттағы жұмыстарды дамытып, медициналық қызметтің сапасы мен қолжетімділігін арттыру шаралары жалғаса береді.
Медициналық сақтандыру қорымен 2021 жылы медициналық қызмет көрсету үшін Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 107 қызмет жеткізуші медициналық ұйыммен (2020 жылы – 100 қызмет жеткізуші болатын) келісімшарт жасалды. Олардың 32-і – мемлекеттік, 67-сі – жекеменшік, 8-і республикалық медицина ұйымдары. Оның ішінде амбулаториялық-емханалық көмек көрсететін ұйым – 36, тәулік бойы жұмыс істейтін стационар – 29, стационарды алмастыратын көмек көрсетушілер – 78, консультативтік-диагностикалық көмек көрсетуші – 12 медициналық мекеме.
Азаматтар, сақтандырылған-сақтандырылмағанына қарамастан, ТМККК аясындағы медициналық қызметтерді тегін алады. Одан әрі басқа да кеңестер, диагностикалық тексерулер, жоғары технологиялық медициналық қызметтер, т.б. қажет болғанда ғана МӘМС жүйесінде сақтандыру мәртебесі сұралады. МӘМС арқылы мемлекеттік және жеке клиникаларда да тегін көмек алады. Бастысы Қормен келісімшарт болуы керек.
- Мысалы, жеке клиникада тексеруден өткім келеді, бірақ менің емханам ол жерге жолдама беруден бас тартты. Не істеуім керек?
- Мұндай жағдай болмауы керек. Учаскелік дәрігер сізді өз таңдауыңыз бойынша Қормен келісім-шарт жасаған кез келген медициналық ұйымға жіберуі тиіс. Жеткізушілердің тізімін Қордың сайтынан табуға болады (https://fms.kz/kontaktnaya-informatsia/vybrat-kliniku/). Тек ескеретін жайт, жолдама медициналық көрсеткіш болған жағдайда ғана беріледі.
Қордың негізгі міндеттерінің бірі - пациенттердің құқығын қорғау. Сондықтан біз көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасын үнемі қадағалап отырамыз және туындаған мәселелерді тез шешуге тырысамыз.
- Сұраныс көп қызмет түрлеріне тоқтала кетсеңіз.
- Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізілгелі бері сұранысқа ие КТ, МРТ, жоғары технологиялық медициналық қызметтер, консультациялық-диагностикалық қызметтер, гормондар, витаминдер көрсеткіштерін анықтайтын зертханалық тексерулер, оңалту қызметтері, бұрын варикоз ауруларында ақылы түрде ғана жасалатын ультрадыбыстық аблация, инъекциялық склеротерапия, жүрек қан тамыры ауруларын анықтайтын коронараграфиялық зерттеулер, т.б. секілді медициналық көмектерді қазіргі уақытта МӘМС жүйесі енгізілгелі барлық азаматтар тегін жасата алады.
- Өзіңіз айтып өттіңіз, КТ, МРТ процедураларын тегін алуға болатынын білдік. Бірақ барлық емханалар бірдей қажетті құралмен қамтылмаған. Сондықтан науқастарды тіркелген жерінен басқа орталықтарға жіберетін кездер болады. КТ, МРТ сынды тексеруден өту жолдары қаншалықты қолжетімді?
- Қордың басты міндеті сапалы медициналық қызметпен қамтамасыз ету болғандықтан, медициналық ұйымдардың келісімшартта көрсетілген қызметтердің орындалуына сараптама жүргізіп отырады. Оның ішінде медициналық жабдықтармен қамтамасыз етілу деңгейін, кадр жетіспеушілігін анықтай отырып, аймақтық Денсаулық сақтау басқармаларына ақпарат жолдайды. Соның негізінде, жетіспейтін тексеру аппараттары сатып алынады. Сондықтан бұрын тек жекелеген санаттарға ғана тегін болған КТ, МРТ сынды диагностикалық қызметтер қазір барлық азаматтарға қолжетімді.
- МРТ түскім келеді, бірақ маған жолдама бермейді. Неліктен?
– Иә, КТ немесе МРТ қызметін алу үшін сізге учаскелік дәрігердің жолдамасы қажет. Ол тек тиісті дәрігерлік нұсқаулар болған кезде беріледі, өйткені, бұл процедурада электромагниттік сәулелену қаупі бар. Оны қажетсіз жасай берген дұрыс емес.
Яғни, мұндай тексерулерге медициналық нұсқаулар болмаған жағдайда ғана сізге жолдама берілмеуі мүмкін.
- Көбіне МӘМС бойынша тегін қызмет алу үшін тіркеуге тұрып, бірнеше маманның қабылдауында болу шарт. Оған уақыты мен денсаулық жағдайы жете бермейтін науқастар жеке емханаларға баруға мәжбүр. Осы тұста тегін медициналық қызметтерді қысқа мерзімде алу мәселесі қалай шешіледі?
- Бейінді мамандардың қабылдауы және диагностикалық қызметтерді алу мерзімі 10 күннен аспауы керек. Егер сол сәтте пациент жағдайы шұғыл көмекті қажет етсе, бірден бейінді мамандарға, тексерулерге жіберіледі.
Егер қажетті медициналық қызметті көп күтетін болған жағдайда, пациентке МӘМС бойынша басқа медициналық ұйымға жолдама беру керек.
Осы ретті пайдаланып айта кеткім келеді, азаматтар дәрігерге уақыт өткізбей қаралғандары дұрыс.
- Егер маған консультациялық-диагностикалық қызметтерге бір ұйымға жолдама берілсе, бірақ мен оларды басқа орталықта алғым келсе, медицина ұйымын таңдай аламын ба?
- Консультациялық-диагностикалық көмекке бейінді мамандардың (кардиолог, эндокринолог, ЛОР, окулист, т.б.) қабылдаулары, зертханалық талдаулар (қанның биохимиялық талдауы, иммуноферменттік талдау, антиденелерді анықтау, т.б.), диагностикалық қызметтер (эндоскопиялық зерттеулер, электроэнцефалография, эхокардиография, рентген, УДЗ, МРТ, КТ, т.б.) жатады.
Емханада пациентке бір зертханаға талдау жасауға жолдама берілді дейік, бірақ ол оны үйіне немесе жұмысына жақын орналасқандықтан басқасына тапсырғысы келсе, оның бұған құқығы бар. Қызметті алғаннан кейін Қордың төлем жүйесінде бірлесіп орындау шарты автоматты түрде қалыптастырылады.
Басты шарт – медициналық ұйым ӘМСҚ деректер базасында болуы және әлеуметтік медициналық сақтандыру бойынша қызметтер көрсетуі тиіс. Тағы да қайталап айтамын, жеткізушілердің тізімін қордың сайтынан көруге болады.
- Эндокриндік аурулар қазір жиі кездеседі. Қазақстандықтар МӘМС арқылы қандай гармондарға тегін тексеру жасай алады? Осы бағыттағы ақысыз процедуралар тізімін кеңейту жоспарда бар ма?
Азаматтар эндокриндік ауруларда тағайындалатын барлық гормондарды МӘМС шеңберінде тегін тапсыра алады.Одан бөлек, бұған дейін ақылы түрде тапсырып жүрген Д витамині көрсеткішін анықтау осы МӘМС пакетіне кіреді.
- Жалпы онкологиялық ауруларды ерте анықтауға арналған скринингтік тексерулер жоспарлы түрде жүргізіледі. Қазақстандықтардың белсенділігі қандай?
- Онкологиялық аурулар бойынша ТМККК ясында медициналық қызмет көрсетіледі. Статистикаға сәйкес, ерте кезеңде анықталған қатерлі ісік ауруы көп жағдайда емделуі немесе тоқтауы мүмкін. Бұл патологиялардың осы тобынан болатын өлім-жітімді едәуір азайтуға, сондай-ақ пациенттердің жоғары өмір сүру сапасын сақтауға мүмкіндік береді. Сондықтан, әр азамат тіркелген жері бойынша емханадан скрингтік тексеруден өтіп тұрғаны дұрыс.
Өкінішке қарай, скринингтік тексеруден өтуде еліміз азаматтарының белсенділігі жоғары деп айта алмаймыз.
Обырдың ерте диагностикасы ауруды бірінші сатыда анықтауға және тиімді емдеуді таңдауға мүмкіндік береді. Бұл мақсатта профилактикалық сканерден бастап, нақты онкомаркерлерге талдау жасау арқылы түрлі зерттеу түрлері көмектеседі.
Профилактикалық тексерулерден өту әсіресе қауіп тобындағы пациенттер үшін, мысалы:
· Зиянды өндірісте жұмыс істейтіндер
· Темекі шегуді, алкогольді және өзге де улы заттарды теріс пайдаланатындар
· Тұқым қуалайтын бейімділігі бар адамдар
· Экологиялық қолайсыз аумақтарда тұратындар үшін өте маңызды.
Егер обыр (рак) ауруының даму қаупі немесе оған күдік болса, кешенді тексеруден өту қажет. Елімізде оған жағдай жасалған. Соңғы жылдары Нұр-Сұлтан қаласында ұлттық ғылыми онкологиялық орталық іске қосылып, қазіргі заманғы жабдығы бар консультациялық диагностикалық бөлімшелер, түрлі бейінді мамандар саны артты.
Тағы бір нақтылай кетейік, онкодиспансерде есепте тұрған пациенттерді динамикалық бақылау ТМККК аясында жүргізіледі. Яғни, онкологиялық сырқаттар бойынша жоспарлы тексеруден өту үшін МӘМС жүйесінде сақтандыру мәртебесі талап етілмейді.
- МӘМС бойынша тегін қызмет түрлерінің тізімін қайдан алуға болады?
Денсаулық сақтау министрлігінің № 170 бұйрығымен бекітілген медициналық қызмет түрлерінің тізімі бар. Оны Денсаулық сақтау министрлігі мен Қордың ресми сайтынан қарауға болады.
Медициналық сақтандыру қоры пациенттер құқығын қорғайды. Сондықтан азаматтар мобильді қосымшаларда өз деректерін тексеріп, сәйкессіздіктер анықталған жағдайда Қордың елордалық филиалына хабарласуға, сондай-ақ, 1406 телефонына немесе Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы арқылы байланысуға болады.
- Медициналық сақтандыру жүйесіндегі мәртебемді қайдан, қалай тексеріп, білуіме болады?
Медициналық сақтандыру жүйесіндегі өз мәртебеңізді ыңғайлы тәсілмен тексеруге болады:
· Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының fms.kz ресми сайты арқылы (оң жақтағы төменгі бұрыштағы қалқымалы жасыл шеңберді басып, ЖСН енгізіңіз)
· egov.kz электронды үкімет порталы арқылы (жеке кабинетте және "Денсаулық сақтау" бөлімінде)
· Telegram-дағы Saqtandyru-bot арқылы (басты мәзірде "Сақтандыру мәртебесін анықтау")
· Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы арқылы (басты мәзірде "Сақтандыру мәртебесін анықтау")
- Уақыт бөліп, сауалдарымызға жауап бергеніңіз үшін рахмет!