Тоқаев Жоғарғы сот судьясының ұсталуы туралы: Масқара жағдай болды

Біз судьяларға деген қалыптасқан теріс көзқарасты өзгертуіміз керек.

Сот жүйесін модернизациялау жөніндегі кеңесте Қасым-Жомарт Тоқаев Жоғарғы сот судьясының қамауға алынуын сөз етті, деп хабарлайды zakon.kz.

Ақорданың мәліметі бойынша, Мемлекет басшысы сыбайлас жемқорлықты сот жүйесіне деген сенімге селкеу түсіріп отырған негізгі факторлардың бірі деп санайды.

Тек соңғы 5 жылдың ішінде сыбайлас жемқорлық фактісі үшін Фемиданың 17 өкілі жауапқа тартылды. Түркістан облысында сотталған алқа төрағасы мен облыстық соттың судьясына қатысты жемқорлық деректері қоғамда үлкен шу туғызды.

Осыдан бірер күн бұрын масқара жағдай болды. Жоғарғы сот кеңесінің бұрынғы мүшесі, сондай-ақ, аудандық соттың төрағасы болған, 30 жылдық еңбек өтілі бар Жоғарғы соттың судьясы ұсталды. Бұл оқыс оқиға жұрттың бәріне белгілі. Аталған жағдай қоғамды теңселтіп кетті. Жоғарғы сот кеңесінің және Жоғарғы соттың басшылықтары осы оқиғадан сабақ алып, қажетті шешім шығаруы керек деп ойлаймын. Осы кезең ішінде Сот қазылары алқасының шешімімен 29 судья теріс іс-әрекеттері үшін қызметтерінен босатылған. Жалпы судьялардың қатарын тазалау жұмыстары белсенді жүргізіліп жатқаны байқалады. Бұл үдерісті мүлде тоқтатуға болмайды. Біз судьяларға деген қалыптасқан теріс көзқарасты өзгертуіміз керек. Фемиданың барлық қызметкері заңдылықтың, сатылмайтындықтың, кәсібиліктің үстем құруына қызмет етуі тиіс. Сонда ғана біз құқықтық мемлекет және әділетті қоғам құра аламыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

11 ақпанда Нұр-Сұлтанда Жоғарғы сот судьясы ірі көлемде ақша алып жатқан жерінен ұсталды. Ақшаны оған Қазақстан Республикасының Жоғарғы сот кеңесінде болған кезінде Түркістан облысы аудандық сотының судьясы бір соттан екінші сотқа ауыстыру кезінде көрсеткен көмегі үшін аударған. Пара берген аудандық соттың судьясы Түркістан қаласында ұсталғаны да белгілі болды.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: