"МузАрт" тобының директоры Ерлан Жүнісбай Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына басшы болып тағайындалды, деп хабарлайды zakon.kz.
Бұл туралы Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Ержан Жылқыбаев Facebook-те жазды.
Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына басшы болып Ерлан Жүнісбай тағайындалды, - деп жазды облыс әкімінің орынбасары.
Ерлан Нұрманұлы 1976 жылы туған. 1998 жылы Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясын "Драма және кино актеры" мамандығы, 2018 жылы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін "Гуманитарлық ғылымдар магистрі" дәрежесі бойынша тәмамдаған.
Еңбек жолын 2001 жылы "МузАрт" тобының директоры болып бастаған. 2003-2007 жылдары "Қазақ әуендері" АҚ "Қазақконцерт" концерттік бірлестігінің менеджері, 2009-2016 жылдары осы мекеменеің бас менеджері, 2017-2020 жылдары "GG CINEMA" ЖШС директоры болып еңбек етті. Сонымен қатар, осы уақытқа дейін әйгілі "МузАрт" тобының директоры қызметін қатар атқарып келді.
Өнер саласындағы жетістіктері үшін "Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 25 жыл" мерекелік медалімен және "Мәдениет саласының үздігі" төсбелгісімен марапатталған.