Екі баласын бейімдеу орталығы тартып алды – Құрманғазы жылап тұр

Тартысқа толы тағдыр!

Түркістан облысында ата жұртқа қоныс аударып келген азамат бауырының балаларын қайтара алмай жүр. 42 жастағы Құрманғазы Жамалбекке сенімхатпен табыстап кеткен інісінің қос перзентін Сарыағаш аудандық кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссиясы балаларды бейімдеу орталығына өткізіп жіберген. Соның салдарынан екі жасөспірім үш айдан бері орталықта тұруға мәжбүр. Тарихи отанына сағынышпен оралған отбасы осы күні балаларды қайтарып алмаққа бел буғанымен, түрлі әкімшілік кедергілерге тап болып жатқанын айтады.

Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

Күнде жылайды. Күнде уатсапқа жазып қояды: "Әке, біз қашан кетеміз. Бізді тастап кетесіз ба?" деп жатыр да енді. Мен өзім енді білмеймін, әйтеуір өмір сүріп жатырмын.

Құрманғазы Жамалбек жылы сөйлеген адамға жылап жіберуге шақ тұр. Өйткені, Қытайда тұратын туған бауырының өзіне сенімхатпен аманаттап кеткен екі баласын Шымкенттегі Балаларды бейімдеу орталығынан ала алмай жүр. Содан бері үш ай өтіпті. Өзегі өксікке толып жүр.

Құрманғазы Жамалбек, Талдықорған қаласының тұрғыны:

Бізді больницаға апарды. Сол жерде бір документке қол қоюды бұйырды. Қытайға шығу керек деді. Ол балаларды сенің ұстап жүруге қақың жоқ, туысқандық мүлдем қатынасың жоқ сенің деді. Содан мен бас тарттым, қол қоймадым. Ол жерде біраз ерегіс болды бізде.

Бұл оқиға 2019 жылдың желтоқсан айында басталған. Қытайдан Қазақстанға көшіп келмекші болған інісі Айдынқазы 8 және 10 жастағы екі баласын Талдықорғанда тұратын туған ағасы Құрманқазыға сенімхатпен қалдырып, ол жақтағы отбасын әкелу үшін қайта кетеді. Ізінше, індеттің кесірінен шекара жабылып қалады. Сөйтіп, екі бала ағасының үйінде тұрады. Егіншілікті кәсіп еткен Құрманқазы Талдықорғандағы отбасын уақытша қалдырып, інісінің екі баласын жанына ертіп, Сарыағашқа жұмыс істеуге келеді. Мұнда балаларды мектепке орналастырады. Бірақ, аудандық кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссия мүшелері ақылдаса келе Еларыс пен Ақмейірді өзге елдің азаматтары екенін анықтап, Шымкенттегі орталыққа өткізуге шешім қабылдапты.

Айбек Құлқараев, Сарыағаш аудандық "Адами әлеуетті дамыту" бөлімінің әдіскері:

Ол кісінің тұрғылықты мекен-жайы жоқтығы, балаларды әлеуметтік жағдайының төмендігі анықталды. Бұл енді балалар Қытай Халық Республикаысының азаматтары болып табылады. Сол Қытай Халық Республикасының келісімін алу керек. Елшілігінің келісімін алу керек болады. Және де өзінің тиісті құжаттарын дайындау керек болады. Сол кезде өзі балаларды қамқоршылығын алуға мүмкіндігі бар.

Балалардың осында күйге түскеніне налыған Құрманғазы бәріне өзін кінәлі санайды. Сары уайымға салынғандықтан, ауру болып қалдым дейді. Осы күндері Шымкентке жиі қатынайды. Арманы – балаларды көру.

Осы күні Ақмейір мен Еларыс Шымкенттегі балаларды уақытша бейімдеу орталығында, міне, мына жерде тәрбиелініп жатыр. Үш ай болды, былтыр осы жерге қараша айында жеткізілген. Содан бері осы жердің талабына, тәртібіне әбден көндіккен. Мамандардың сөзінше, олар аптасына екі рет ағасымен жолығады. Бірақ, жүзбе-жүз емес, анау тұрған темір есік арқылы".

Карантин талаптарына сәйкес, Еларыс пен Ақмейір үлкен әкелерімен темір есіктің тесігінен ғана көріп, сырласып жүр. Оның өзінде де, орталық мамандарының қас-қабағына қарайды. Ал, оларды құшаққа алып, бауырға басу әзірге арман.

Құрманәлиева, кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығы бастышысың орынбасары:

Басқа елден келіп, сәл тілді үйрену жағы қиынырақ болса да, өздерінің қабілеттілігінің арқасында қазір, тіпәй-тіпәй өзінің сыныптастарына қуып жетті деуге болады. Білім деңгейлері жақсы. Тәртіп-тәрбиені де жақсы алып жатыр.

Балалар, әке-шешесі мен қарт әжесін қатты сағынып жүр екен. Бұған дейін туыстарының жанынан бір елі қалып көрмеген олар енді өзге ел, танымайтын орта, бөгде адамдардың арасында жүріп-тұруға мәжбүр. Ал, әкесі Айдынқазы жіпсіз байланып отырғанын айтады. Шекара ашылысымен, бірден осында келмекші.

Айдынқазы Жамалбек, балалардың әкесі:

Өзім отбасымды көшіріп өтемін деп жүргенде шекара жабылып қалды. Осыған байланысты, әлі ата-жұртқа орала алмай жүрмін. Балаларымды ағам Жамалбек Құрманқазыдан Сарыағаш аудандық әкімшілігі алып қойғаны жайлы хабардар болдым. Тез арада балаларымды ағам Жамалбек Құрманқазыға беруін сұраймын.

Еларыс пен Ақмейірдің тағдыры жайында біз Аружан Саинмен хабарластық. Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Сыртқы істер министрлігі арқылы тиісті құжаттарды жинатып, көмек қолын созамын деп отыр.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: