Жыл басталғанына екі-ақ ай өтсе де, автосалондағы машина құны шарықтап кетті, деп хабарлайды zakon.kz kolesa.kz-ке сілтеме жасап.
Жапон маркасына тиесілі модельдердің қымбаттауына сатушылардың қолына 2021 жылы шыққан су жаңа машиналардың түсуі себеп болып отыр.
"Стандарт" жиынтығындағы 2 литрлік моторы бар Toyota Camry қазір 11,5 млн теңге тұрады. 2020 жылдың аяғында бұл көлікті 10,9 млн теңгеге алуға болатын. 2,5 литрлік қозғалтқышы бар машинаны алу үшін желтоқсанда 12,4 млн теңге жеткілікті болса, қазір оның иесі атану үшін 13,1 млн теңге санап беруге тура келеді. Ал 3,5 литрлік V6 моторлы седан бірден 1 млн теңгеге қымбаттап, 19,9 млн теңгеге жетті.
Corolla да арзан емес. 2020 жылы желтоқсанда бұл модель 8,9 миллионнан саудаланса, қазір сатушылар оны 11,4 млн теңгеге бағалап отыр. 1,6 литрлік моторы мен механика қорабы бар қарапайым "Королланы" алу үшін қазір 9,3 млн жұмсайсыз, ал вариаторлы нұсқасы 11,5 млн теңге тұрады.
Land Cruiser 200-дің құны 1,5 – 2,2 млн теңгеге артты. Жол талғамайтын көліктің капот астына V6 орнатылған сегіз орындық ең арзан нұсқасын 29,8 млн теңгеге аласыз. Ал желтоқсанда ол 28,3 млн тұратын. 2020 жылдың басында механика қорабы бар "екі жүзінші" 26,9 млн теңгеден саудаланды. Аса сәнді Land Cruiser Executive Lounge бағасы 39,4 млн теңгеден 41,6 млн теңгеге өсті.
Жалпы, Қазақстандағы Toyota модельдері 4,4 – 5,6 %-ға қымбаттады.