Азаматтарға ыңғайлы болу үшін Қазақстанның Халыққа қызмет көрсету орталығының кез келгенінде зейнетақы мен жәрдемақы тағайындауға өтініштер қабылданып жатыр, деп мәлімдеді брифингте ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ербол Оспанов, деп хабарлайды zakon.kz тілшісі.
"Қызмет алушыларға ыңғайлы болу мақсатында біз зейнетақы мен жәрдемақы тағайындауға өтініштерді эксаумақтық қабылдау бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз. Енді азаматтар қай жерде орналасқанына қарамастан, кез келген халыққа қызмет көрсету орталығында зейнетақы мен жәрдемақы тағайындауға өтініш бере алады. Қызметтерді кезең-кезеңмен ауыстыруды ағымдағы жылғы 1 сәуірден бастап іске қосу жоспарлануда", – деді Оспанов.
Сонымен қатар, ол әртүрлі органдарға барып жүрудің қажеттілігін жою мақсатында мүгедектерге арналған мемлекеттік қызметтерді цифрландыру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын да айтты.
Біз процестерді цифрландыру бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Атап айтқанда, біз мүгедектікті қашықтықтан тағайындау жайын айтып отырмыз. Сонда өтініш беруші медициналық мекемелерге ғана жүгінеді. Қалған процестер адамның қатысуынсыз өтеді. Барлық қажетті ақпараттық жүйелердің интеграциясы қазірдің өзінде жүзеге асырылды, Денсаулық сақтау министрлігімен интеграцияны аяқтау ғана қалады, бұл жақын арада жүзеге асырылады, деп сендірді Оспанов.
ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ербол Оспанов бүгінгі таңда әлеуметтік-еңбек саласында 44 қызмет түрі көрсетілетінін, оның ішінде 40 қызмет (91%) электрондық түрде көрсетілетінін, оның 18-і проактивті екенін жеткізді. Электрондық және проактивті форматта көрсетілетін қызметтер үлесін арттыру мақсатында мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, халыққа қызмет көрсету тәсілдері мен процестерін өзгерту бойынша жұмыс басталды, мемлекеттік қызмет көрсетуді трансформациялау және реинжинирингі бойынша ұсыныстар әзірленді.