ҚР Ішкі істер министрінің бұйрығымен Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары лауазымына бұрын Алматы облысы ПД бастығының бірінші орынбасары лауазымын атқарған полиция полковнигі Жүнісбеков Серік Тұрсынәліұлы тағайындалды, деп хабарлайды zakon.kz.
Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасарын ШҚО ПД бастығы полиция полковнигі Сағат Мәдиев таныстырды.
Жүнісбеков Серік Тұрсынәліұлы құқық қорғау органдарында 2001 жылдан бастап қызмет етеді. Жамбыл облысы Тараз қаласының тумасы. Қазақ мемлекеттік заң академиясын бітірген, 2005 жылы М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің магистратурасын бітіріп, 2007 жылы ҚР ІІМ Академиясының күндізгі бөлімінің адъюнктурасын бітірген.
Қызметтік жұмысын Жамбыл облысы ІІБ 2-ші полиция бөлімінің тергеу бөлімшесінің тергеушісі болып бастаған.
Қызмет ету жылдарында әртүрлі басшылық лауазымдарда, атап айтқанда Жамбыл облысы ІІД әкімшілік полиция басқармасының бастығы, Жамбыл облысы ІІД бастығының орынбасары, М.Есболатов атындағы ІІМ Академиясы бастығының орынбасары болып қызмет атқарған.
Жоғары кәсіби біліктілігі үшін 2019 жылы Алматы облысының Ішкі істер департаменті бастығының бірінші орынбасары болып тағайындалған. Ағымдағы жылдың наурыз айының басынан қазіргі уақытқа дейін ШҚО Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары болып қызмет етеді.
Полиция департаментінің бастығы Сағат Мәдиев жеке құрамға Серік Тұрсынәліұлын таныстыра отырып, өзінің бірінші орынбасарына жедел жұмыс бойынша бірқатар міндеттер қойды.