Әлеуметтік желіде жол полицейлерінен "бір ауыз сөзбен" құтылып кеткен азаматтардың әрекеті қызу талқыға түсті.
"Шәуілдір біздікі" деген атаумен видео тарады. Жүргізуші Түркістан облысының көшелерінің бірінде қарсы бағытпен жүріп, апаттық жағдай туғызған. Елірген азаматты жол полицейлері тоқтатып, құжаттарын талап еткенімен тәртіп бұзғандар "Жұмабектің бажасымын" деген бір ауыз сөзбен құтылып кеткен.
Тәртіп сақшылары видео Түркістан облысы Отырар ауданының орталығы Шәуілдір елді мекенінде түсірілгенін анықтады. Мониторинг барысында, жол ережесін өрескел бұзғандар ұсталып, темір тұлпар айып тұрағына қойылған. Сондай-ақ, видеода есімі айтылған "Жұмабек" есімді азаматтың да кім екені белгілі болды. Ол Отырар аудандық полиция бөлімінің майор шеніндегі қызметкері Жұмабек Төлеген. Бірақ, ол басқарманың басшылық құрамында емес екен.
Салтанат Қаракөзова, облыстық ПД баспасөз хатшысы:
Оған қатысты сол түні ҚР Әкімшілік кодексінің екі бабы бойынша 596 және 613 баптар бойынша хаттамалар толтырылып, автокөлік жүргізушісі әкімшілік жауапкершілікке тартылып жатыр. Жинақталған материалдардың барлығы сотқа жолданған. Ал, медициналық сараптаманың қорытындысы бойынша автокөлік жүргізушісі мас халде болмағаны анықталды.