Демалыс күндерінде күшейтілген карантиндік шаралар мен локдаунның қаншаға созылатындығы КВИ ауруының жағдайына және азаматтардың режимді сақтау-сақтамауына байланысты болады. Бұл туралы ҚР ДСМ Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми өкілі Ержан Байтанаев арнайы брифингте мәлім етті, деп хабарлайды zakon.kz тілшісі.
8 наурызда адамдар карантиндік режимді жаппай бұзуы салдарынан бүгіндері Нұр-Сұлтан мен Алматыда аурушаңдықтың деңгейі күрт өскенін байқап отырмыз. Нұр-Сұлтанның бас санитарлық дәрігерінің шешімі бойынша карантин режимі 18 наурыздан бастап күшейтіледі, сонымен қатар 21 наурыз, жексенбі күні толықтай локдаун енгізіледі. Бұл қанша уақытқа созылады? Бұл бас санитарлық дәрігерлердің талаптары қаншалықты орындалатындығына байланысты, - деді ол.
Денсаулық сақтау вице-министрі Ерлан Қиясов мереке алдында халыққа ескерту жасап, жауапкершілікті өздеріне қалдыратынын баса айтты.
Әрине, біз жеке үйлердің, пәтерлердің аумағына кіре алмаймыз. Барлығы өзімізге байланысты екенін есте ұстаған жөн. Ең алдымен, көп адам жиналатын жерге барғысы келетін тұрғындар өздерінің жақын адамдарына үлкен қауіп төндіретінін ұмытпауы керек. Біз бұл отбасылық мереке болатынын жақсы түсінеміз, ондай болады деп ойлаймыз, бірақ кез келген жағдайда біз өз тұрғындарымызды сақтық танытуға шақырамыз және отбасылық жиынды шағын құрамда өткізуге шақырамыз. Яғни, өте жақын адамдардың жиналуына рұқсат. Бірақ егде жастағы адамдарға қауіп төнетінін ұмытпаған жөн. Мұны есте сақтау керек. Жақын туыстарыңызға қамқор болыңыздар, - деді Қиясов.
Нұр-Сұлтаннан бөлек Алматы облысында да демалыс күндері локдаун енгізіледі. Алматыда 20 наурыздан бастап шектеу шаралары күшейтіледі.