Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі журналистердің наразылығына қарамастан аккредитация туралы жаңа ережені қабылдады, деп жазады centralasian.org.
Құжатта журналистер баспасөз жиыны тақырыбынан ауытқымай, модератор талабына бағынуға міндеттелген. Бұған дейін баспасөз қорғау ұйымдары мен журналистер билік осы ережелерді пайдаланып, өздеріне жақпайтын БАҚ өкілдерін "аккредитациядан айыруы мүмкін" деп қауіп айтқан.
Zan.gov.kz сайтында жарияланған құжатта аккаредитация ережесінің барлық министрліктермен келісілгені көрсетілген. Алайда ереже медиа қауымдастықпен талқыланбаған.
Журналистерді әсіресе құжаттағы 16 пункт наразы етіп отыр. Онда "шараға қатысушылардың тақырыптан ауытқымауын, регламентті сондай-ақ қоғамдық тәртіпті сақтауын жүргізуші қамтамасыз етуі тиіс" деп жазылған.
Бұған дейін Азаттық тілшісіне сұхбат берген жергілікті журналистер "баспасөз жиындары кезінде онсыз да модераторлар журналистердің құқықтарын шектеп, дұрыс ақпарат алуына жағдай жасамайды, ал жаңа ереже журналисті "қырын қарағаны үшін" аккредитациядан айыруына негіз болуы мүмкін" деп болжаған.
Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева жергілікті БАҚ-қа берген сұхбатында жаңа ереже журналистің құқықтарын шектеуге бағытталмаған деп мәлімдеген.
Бұған дейін "Құқықтық медиа орталық" министрлікке журналистерді аккредитациялау ережесі туралы жобаның кейбір тұсына байланысты алаңдап отырғаны туралы үндеу жариялаған еді.
Журналистер мен құқық қорғаушылар Қазақстан үкіметін БАҚ туралы заңды демократия талаптарына сәйкестендіруге үндеп келеді. Халықаралық ұйымдар Қазақстанда сөз бостандығы шектеліп, тәуелсіз БАҚ пен журналистерге қысым жасалатынын жиі сынайды.
“Шекарасыз тілшілер" ұйымының Дүниежүзілік сөз бостандығы рейтингінде Қазақстан 180 елдің арасында 157-орында тұр және"сөз бостандығы қиын жағдайдағы елдердің" қатарында.