Бұл туралы Ә.Кекілбаев атындағы Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану музейінде өткен баспасөз конференциясында айтылды, деп хабарлайды zakon.kz.
Әлемдік деңгейдегі археологиялық жаңалықтың алғашқысы "Алтынқазған" жерінен табылған біздің дәуірімізге дейінгі I-VI ғғ. үлкен діни-қабірлеу кешені. Онда зәрдүш және ежелгі көшпенділер дәстүрінде жерлеу рәсімдері өткізілген. Кешен өткен ғасырларда қатты тоналған. Соған қарамастан археологтар элиталық құрбандықтар бөлігін тапты. Атап айтқанда, түрлі әшекейлермен әсемделген жүген табылды. Ежелгі шеберлер оны жасауда батырма тәсілін пайдаланып, алтынмен, қызыл түсті асыл тастармен және кәріптаспен әшекейлеген. Бұл жәдігерлердің ғұн мәдениетіне жататыны нақты анықталып отыр.
- Маңғыстау сауда байланысын зерттеу барысында осыдан үш жыл бұрын Қарақабақ шатқалында теңіз жағасында орналасқан үлкен бекіністі мекен табылды. Алдын ала зерттеулер оның біздің дәуірімізге дейінгі I ғасырда хорезмдіктер салған қуатты сауда-қолөнер факториясы екенін көрсетті. Кейін ғұн дәуірінде (IV-V ғғ.аяғы) қаланы жартылай отырықшы көшпенділер жайлаған. Қаланың сауда және қолөнер орталығы ретінде дамуы да осы кезең. Көптеп табылған монеталар Қытай, Бұхар Соғдысы, Ежелгі Хорезм, Парфия және Сасандық Иранмен сауда байланысында болғанын көрсетті. Византия монетасының табылуы Каспий мен Қара теңізді Еділ мен Жайық өзендері арқылы жалғаған су жолы болғанының дәлелі. Қарабақ қалашығы Ұлы Жібек жолының Солтүстік құрлықтық-теңіз тармағының болғанын және оның осыдан 2000 жыл бұрын Маңғыстаудың үстімен өткенін дәлелдейтін тарихтағы алғашқы материалдық куә! Бұл – әлемдік деңгейдегі екінші жаңалық,- деп мәлімдеді археолог Андрей Астафьев.
Оның айтуынша, Қарақабақ қалашығындағы қабірді зерттеу барысында қолдан өзгертілген бірнеше бас сүйек табылды. Облыстық тарихи-өлкетану музейінде Маңғыстаудың ежелгі тұрғындарының келбеті көрініс табуы үшін ғұн дәуіріндегі әйелдің бейнесін пластикалық реконструкциялау ұсынылып отыр.
Ресейлік ғалым Е.Богданов:
Қарақабақ қалашығы I-II ғғ.- V ғасыр аралығында өмір сүріп, болжалды түрде V ғасырда жерсілкінісінің әсерінен күйреген. Ежелгі қалашықта бір кездері қолөнер мен сауда-саттық өркендеп, 100-ның үстінде тұрғындар өмір сүрген деп болжануда.Ол кезде Каспийдің деңгейі жоғары болғандықтан, бұл жерде тұщы су көздері болып, алуан түрлі фауна болғаны анықталып отыр, - деп мәлімдеді.
Маңғыстау облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Пәния Сармурзина:
- Маңғыстау облысының аумағынан Алтынқазған мен Қарақабақ қалашығының ашылуы өңірді таңғажайып сәулет ескерткіштерімен бірге Қазақстандағы тарихи-мәдени маңызы жағынан алдыңғы орынға шығаруға мүмкіндік береді. Бұл нысандар Ұлы Жібек жолымен саяхат маршрутындағы Маңғыстау облысының туристік әлеуетінің ажырамас бөлігіне айналуы тиіс. Бұл тарихи нысандарды өз көзімен көрген адам ретінде айтарым – бұларды бір көрген адам өмірі ұмытпайтындай нысандар, - деп атап өтті.
Пәния Оңалбайқызы облыстық мұражайда осы археологиялық жаңалықтарға арналып, археология залы жасақталып жатқаны, археологиялық зертхана жұмыс істей бастағаны, алдағы күндері БАҚ өкілдеріне арналып пресс-тур ұйымдастырылатынын айтты.
Басқарма басшысының мәліметінше, әлемдік ғылыми қауымдастық "Алтынқазған" туралы пікір білдіріп үлгерген. Францияның "Пернель медиа" продюсерлік компаниясы ғұндар тарихы жөнінде фильм түсірді. Ғұндарға қатысты ескерткіштерді далалық зерттеу жөніндегі түсірілімдер Алтынқазғанда жүргізілді. Фильмнің тұсаукесері француздың "France 5" және америкалық "Discovery Science" арналарында сәтті өтті. "Viasat History" телеарнасында орыс тіліндегі нұсқасы көрсетіліп жатыр. Таяу уақытта "Алтынқазған" діни-қабірлеу кешеніндегі зерттеу нәтижесі бойынша қазақ және орыс тілдерінде ғылыми еңбек жазып, шығару жоспарланып отыр.