4 мамырда ҚР Тұңғыш Президентінің "Болашақ" халықаралық стипендиясын тағайындау конкурсына қатысуға өтініштер қабылдау басталады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Білім және ғылым вице-министрі Мирас Дәуленов айтты, деп хабарлайды zakon.kz тілшісі.
Өтініштер 28 қазанға дейін қабылданады.
Негізгі дайындық жұмыстары қазірдің өзінде аяқталды. Стипендияларды үш кезең бойынша тағайындау жоспарланған: маусым, тамыз және қараша айларында, - деді Мирас Дауленов.
Оның айтуынша, 2021 жылға арналған тізімде академиялық оқуға арналған 80 мамандық және тағылымдамадан өтуге 137 мамандық қарастырылған, оның ішінде: инклюзивті білім беру, вирусология, қала тану, жаңа материалдар технологиясы сынды мамандықтар да бар. Мамандықтар жеті бағыт бойынша бөлінеді: инновация және жаңа технологиялар, өндірістік инженерия, жаратылыстану ғылымдары, әлеуметтік ғылымдар, білім беру, медицина және креативті индустрия деп.