Атырауда 7 полиция қызметкерін жұмыстан айырған істе тың дерек пайда болды

Марқұмның әпкелерінің айтуынша, жәбір көрдім деген әйелмен бауырлары азаматтық некеде тұрған.

Атырауда 7 полиция қызметкерін жұмыстан айырған істе тың дерек пайда болды. Бірнеше айдан кейін жәбірленушінің туыстары балталанған әйелдің кейбір айтпаған жайттарын жайып салды, деп хабарлайды zakon.kz КТК-ға сілтеме жасап.

Айта кетсек, бұған дейін Атырауда бір ай бойы зорлық құрбаны болған келіншектің 20 сәуірде ауыр халде ауруханаға түскенін хабарлаған едік. Белгілі болғандай оны танысы басынан балғамен ұрып, кейін өзі асылып қалған. Бұл жайттан кейін 7 бірдей полиция қызметкерінің лауазымынан айырылғаны белгілі болды. Олар қызметтерінде заң бұзушылыққа жол бергені үшін қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылған.

"Не молчи" қоғамдық қозғалысының жетекшісі Дина Смайлованың айтуынша, марқұмның бұған дейін жасаған әрекетіне құқыққорғау органдары мән бермеген. Өйткені, жәбірленуші осыған дейін бір ай бойы зәбір көрген. Полицияға да бірнеше рет шағымданған. Құқыққорғаушылар күдіктіні тек әкімшілік жауапкершілікке ғана тартқан.

Осы жағдайлардан кейін күні кеше Атырауда жесір әйелді балтамен ұрып, артынан асылып қалған жігіттің туыстары бақилық болған жанға жала жапасын деп ашынып, телеарнаға сұқбат берді. Марқұмның әпкелерінің айтуынша, жәбір көрдім деген әйелмен бауырлары азаматтық некеде тұрған.

Гүлімжан Уытова, марқұмның әпкесі:

- Біздің үйге келін болды. Үлкен кісілер қатынастарын өзі шешеді ғой. Әкеміз ауру адам. Обырмен ауырады. Ауруханаға барып қаралып жүр. Күнде кешке жұмыстан келіп шәй беріп отырады, осылай. Міне, фото бар. Жалған ақпараттың керегі жоқ. Өлер адам өліп қалды.

Марқұмның жеңгесі қайным ешкімді зорламады дейді. Тіпті әйелді бір ай бойы қинап келді деген жігіт өгей қыздарын бауырына басып, екеуі бірнеше ай бірге тұрған.

Шұғыла Шарипова, марқұмның жеңгесі:

- Ондай болатын болса, бес жасар қызды тастап, жұмысқа кете ала ма? Зорлық-зомбылықпен бір ай бойы ұстады дейді ғой. Ал жақсы, полицияға хабарласты, еш шара қолданбады деп жатыр. Егер зорлық-зомбылық көретін болса, ол қалай жұмысқа барады?! Ол жұмысқа барса, көке-ау, жұмыстағыларға жармасып айтпай ма?! Осылай да осылай деп. Ол жұмысқа кетеді. Кешке келіп шайын дайындайды. Атасының шайын береді.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: