ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Ресей Федерациясының Қазан қаласына жұмыс сапары аясында РФ Үкіметінің Төрағасы Михаил Мишустинмен кездесу өткізді, деп хабарлайды zakon.kz primeminister.kz-ке сілтеме жасап.
Тараптар сауда-экономика, көлік-логистика, энергетика, геология салаларындағы, сондай-ақ өнеркәсіптік кооперация, АӨК, трансшекаралық өзендердің су ресурстарын ұтымды пайдалану және қорғау салаларындағы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелерін талқылады. Еуразиялық экономикалық одақ форматындағы өзара іс-қимылдың өзекті мәселелері қаралды.
COVID-19 таралуына қарсы күрес және екі елдің экономикалары үшін пандемияның салдарын жою жөніндегі бірлескен шараларға ерекше назар аударылды. Келіссөздер қорытындысы бойынша екі елдің Үкімет басшыларының қатысуымен келесі бірқатар құжатқа қол қойылды:
ҚР мен РФ үкіметтері арасындағы 2021-2025 жылдарға арналған экономикалық ынтымақтастықтың кешенді бағдарламасы;
"Қазгеология" АҚ мен "Росгеология" АҚ арасындағы ҚР, РФ және шет мемлекеттердің аумақтарындағы пайдалы қазбалар кен орындарын геологиялық зерттеу саласындағы ынтымақтастық туралы келісім; ҚР аумағында көмірсутегі кен орындарын игеру және геологиялық барлау бойынша бірлескен қызмет саласындағы жобаларды іске асыру ниеті туралы келісім;
"ҚР-да бутадиен және туынды өнімдер өндірісі" жобасын іске асырудың жол картасы; "Бутадиен" жобасын басқару мәселелері жөніндегі шекті шарт; "KIDF Management company" Ltd, Ресей тікелей инвестициялар қоры (РТИҚ) және "Mubadala Investment Company" арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум; қатты пайдалы қазбалар бойынша юниорлық компаниялардың Еуразиялық биржасын құру туралы меморандум.
ҚР Премьер-Министрі А. Мамин Қазан қаласына жұмыс сапары аясында Еуразиялық үкіметаралық кеңес отырысына қатысады.