Қазақтар утилизациялық алымға қарсы шығып жатыр

Билік утилизациялық алымға мораторий енгізсе, халық қолдауын иеленеді.

Шетелден көлік айдап әкелген қазақстандықтар шағым айтуда. Сарапшылар және сала мамандары дабыл қағып жатыр: Қазақстанда барлық түрі бойынша автокөлік паркі қарқынды түрде ескіре, көнере бастады. Мұны ресми статистика да растайды: елде автомобильдер қатарының жаңалармен толығу қарқыны баяулады, дейді inbusiness.kz.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2021 жылғы қаңтар-наурызда Қазақстанда 224 мың 421 жеңіл автомобиль жаңадан тіркелген. Бұл 2020 жылдың тиісті кезеңмен салыстырғанда бар-жоғы 3,5%-ға ғана көп. Осылайша, қазіргі кезде Қазақстанда тіркелген жеңіл автомобильдердің саны 3 миллион 849,9 мың бірлікті ғана құрап отыр.

Салыстыру үшін айтсақ, Статистика комитетінің дерегінше, 2015 жылғы қаңтар-наурыз аралығында елде 229 мың 631 жеңіл көлік жаңадан тіркеуге қойылыпты. Нәтижесінде, 2015 жылы елімізде жеңіл автокөліктердің жалпы саны 4 миллион 327,8 мыңға жеткен еді.

Содан бергі алты жыл ішінде республикада жеңіл көліктер саны ары қарай арту орнына, керісінше, жарты миллионға күрт азайды.

Түп-төркініне үңілсек

2016 жылғы қаңтардан бастап, Қазақстанда "утилизациялық алым" енгізілді. Оны меморгандар, Қаржы министрлігінің бюджетті толтыруға жауапты құрылымы – Мемкірістер комитеті емес, "ӨКМ операторы–оператор РОП" жинайды.

Тағы бір салыстыру келтіре кеткен абзал: Статистика комитетінің дерегінше, 2015 жылы жаңадан тіркелгендер арасында жасы "10 жылдан асқан" көне көліктер саны тек 85 мыңнан астам болған. Қалғаны – 10 жылдан "жас", жаңа көліктер.

Қазір ше? Ұлттық статистика бюросының хабарлауынша, биыл тіркелген машиналардың арасында "3 жылдан кем" санатында небары 22 мың 867 автомобиль болды. Бұл былтырғыдан да аз: 2020 жылғы қаңтар-наурыз аралығында олардың саны 32 мың 831 болып еді.

"3 жылдан аса, бірақ 7 жылдан кем" санатында 38 мың 696 көлік бар. Былтырғыға қарағанда көбейді: 2020 жылы 22 мың 918-ді құраған.

Одан көнелері тіптен көп: "7 жылдан аса, бірақ 10 жылдан кем" категориясына 30 мың 263 "темір тұлпар" жатады. Былтыр 28 мың 902 болыпты. Қалғаны 10 жылдан астам уақыттан бері пайдаланылып келе жатқан ескі-құсқы көліктер. Ауыл-аймақ түгіл, қазір мегаполистерде де көнерген көлікке толы. Оған такси шақыртқанда да көз жеткізуге болады.

Билік утилизациялық алымға мораторий жасаса

Елордалық кәсіпкер Гүлеке Қасымова шетелден қалай көлік айдап әкелгенін айтып, тәжірибесін бөлісті. Ол 2019 жылдың күзінде Оңтүстік Кореяға сапарлайды. Бұл – бізде "утилалым" енгізілген кез.

Ойға алған істерімді екі күн ішінде зыр жүгіріп, бітіріп тастадым. "Таң самал елі" қаншама жақсы көлік маркаларының отаны ғой. Келген екенмін, неге бір көлікті өзіммен бірге ала кетпеске деп шештім. Осы салада Кореяда істейтін жігіттер ескертті: "мұнда жаңа автомобильді оп-оңай сатып аласыз, алайда оны Қазақстанда заңдастыру өте қымбатқа түседі" деді. Бірақ көңіл құлаған соң қоя ма, алымы аз болар деп, қозғалтқышының көлемі ең азын таңдадым. Себебі, кедендік бажы қозғалтқышының қуатына байланысты ғой. Алдымен осыны алып, байқап көрейін, егер бәрі жақсы болса, кейін қайта оралып, тағы сатып аламын деп қоямын, – деп әңгімеледі бизнесмен.

Содан Кореяның ірі қала-метрополиясы – Инчхонда жинақы ғана Kia Morning маркалы көлігін сатып алады. Жаңа: зауыттан шыққанына бір-ақ жыл болған. Қожайыны 11 000 шақырым жүріп үлгеріпті. Өзі турбо, моторы Gdi, толық жинақты, алайда қозғалтқышының көлемі 1 литрден де аз. Кәсіпкерге ол небары 4 800 долларға (сол кездегі бағам бойынша 1 872 000 теңгеге) түседі. Оны Қазақстанға жеткізу үшін тағы 1 700 доллар (663 000 теңге) төлеген. Осылайша, қорытындысында 6 500 доллар немесе 2 535 000 теңге ғана шығындап, жаңа көлігін Алматыға жеткізеді. Ол сол кезде осы ірі мегаполисімізде тұрыпты.

"Қызығы мен шыжығы елге келген соң басталды. Брокерге кедендік бажын төлеу үшін 710 000 бердім. Ол бәрін рәсімдеп шықты. Осымен болған шығар деп қуанғанмын. Алайда сол кезде мемлекетіміз "Кедендік одақ" деген қамытты киіп үлгеріпті, оның аясында Euro 5 стандартын сақтау жөнінде міндеттеме алған көрінеді. Содан елде бензиннің сапасы Еуропадағыдай деңгейге көтерілсе дұрыс қой! Одан тіпті дәмеленбеуге болады. Соған қарамастан, әрбір көлік иесін "темір көлігінің" осы стандартқа сай екенін растайтын сертификат алуға мәжбүрлеген. 2016 жылдан бері бұл сертификатты беру өкілеттігі "отандық автокөлік өндірушілерге" тапсырылған екен. Содан Николай Балушкиннің ("Бипэк Авто–Азия Авто" компаниялар тобының директорлар кеңесінің төрағасы) "батасын" алуға тура келді", – дейді Г.Қасымова.

Оның айтуынша, бұған 200 мың теңгесі кеткен.

Барлық шығындар шыңын бағындырдым ғой деп, жеңіл күрсініп, мамандандырылған ХҚКО-ға көлігімнің мемнөмірін алуға жөнелдім. Сол жерде білгенім төбемнен суық су төгіп жібергендей әсер етті: тағы бір қымбат шығын алда екен және ол утилизациялық алым деп аталады. Райымбек пен Розыбакиев көшелерінің қиылысындағы "Оператор РОП" кеңсесіне тарттым. Ондағылар соманы атағанда, таңданысымда шек болмады! Біздің биліктің азаматтардың әл-ауқаты туралы "қамқорлығын" түсіну мүмкін емес. Өйткені ол жап-жаңа аз литражды шағын көлік үшін әлдебір жеке компанияға 380 мың теңге утилизациялық алым талап етті, – дейді бизнесмен.

Әлеуметтік желіде пікір білдірушілер оның қайта жеңілдеу құтылғанын, қазір алымдар өскенін еске салады.

Сүйеніш Мұхаммедали шетелде сатып алған жаңа көлік үшін елде екі есе көп алым төлеуге тура келетініне қынжылады.

Бұл не сұмдық!? "Toyota Camry 50"-ді Бруклиннен біздің теңгеге шаққанда 3,9 миллионға ғана аласыз. АҚШ-тан жеткізілуі 1 миллион 50 мың теңгеге түседі. Сонда көліктің толық құны 4,9 миллион теңгеге жетеді. Ал, Қазақсандағы тіркелу мен кедендік баж салығы 663 000 теңге болады. Бұған қосымша 12% қосылған құн салығына 468 мың теңге шығындалуыңыз керек. Сонымен қатар ең қымбаты – "утилизациялық алымға" 1 миллион 325 мың теңге беруіңіз керек. Елдегі барлық алым-салық, шығыстарды қоса алғанда, көліктің бағасынан бөлек қосымша 4 миллион 132 мың теңге жұмсауға мәжбүр боласыз! Яғни, бұл сіз алып келген көліктің бағасынан да жоғары, – деді ол.

Осылайша, АҚШ-та небары 3,9 миллионға алған "Камриіңіздің" шығысы Қазақстанда 9 миллионға дейін шығандай өседі. Айтпақшы, Қазақстанда "Toyota Camry 50" осы 9–11 миллион арасында сатылуда. Бірақ сонша артық қаражаты бар азамат аз. Девальвация, дағдарыс, пандемия бұқараның табысына, тұрмысына тоқтаусыз соққы жасауда.

Егер көлік құны 3–5 миллион теңгеге түссе, Қазақстандағы автопарк керемет жаңарар ма еді. Ол үшін елде "утилизациялық алым" көлемі күрт азайтылғаны немесе оған 1–2 жылға уақытша моратория жарияланғаны жөн. Мемлекет осы қадамға барса, миллиондаған сайлаушының ризашылығы мен қуатты қолдауына ие болмақ.

Әйтпесе, дәл осы алым аққұла Қазақстанда аса көп болып тұр.

Жанат Ардақ

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: