Бүгін CFO Summit 2021 қаржы секторы көшбасшыларының жыл сайынғы VIII саммиті барысында Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Тимур Жақсылықов пандемия жағдайында Қазақстан экономикасының дамуы, сондай-ақ коронадағдарыстан туындаған жаһандық трендтер туралы айтты, деп хабарлайды zakon.kz.
Бірінші вице-министр өз сөзінде COVID-19 пандемиясының салдары Қазақстан экономикасына соңғы онжылдықтардағы қаржылық-экономикалық дағдарыстарға қарағанда көбірек әсер еткенін атап өтті.
Оның айтуынша, эпидемиологиялық жағдайды қалыпқа келтіру және мемлекеттік қолдаудың ауқымды шаралары аясында ағымдағы жылдың қаңтар-сәуір айларының қорытындысы бойынша экономика өсімі өткен жылдың наурыз айынан бастап алғаш рет оң аймаққа шығып, 0,7%-ды құрады. Дағдарысқа қарсы шаралардың 3 пакеті қабылданып, іске асырылды. Бұл халық пен бизнесті қолдау жөніндегі шұғыл шаралар, әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты сақтау жөніндегі жедел шаралар және экономикалық өсуді қалпына келтіру жөніндегі кешенді жоспар.
Зардап шеккен салалардағы 700 мың кәсіпкер 1,2 трлн теңге сомаға салық жеңілдіктерін алды, кәсіпкерлердің 40 мың жобасы жеңілдетілген несиелер алды. Аталған жобалардың кредиттік қоржыны 2 трлн теңгеден асты. Жұмыспен қамтуды қолдау шараларымен 1,4 млн қазақстандық қамтылды, бұл еңбек нарығындағы тұрақтылықты қамтамасыз етуге және жұмыссыздық деңгейін ұстап тұруға мүмкіндік берді, - деді Тимур Жақсылықов.
Ол ХВҚ-ның сәуір айындағы шолуында Қазақстанның ЖІӨ өсімінің болжамы 2021 жылы 3%-дан 3,2%-ға дейін жақсарғанын хабарлады. Moody's, Fitch и Standard & Poor's жетекші рейтингтік агенттіктері де пандемияға дейінгі рейтингтерді растады және Қазақстан экономикасының дамуына оң болжамдар берді.
Әлемдік трендтер туралы айта келе, экономикалық ведомство басшысының орынбасары пандемия нәтижесінде әлемдік жаһандық мемлекеттік қарыз жаңа тарихи максимумға жеткенін атап өтті. Бұл салықтан босату және салықтық демалыстар беру, денсаулық сақтауға жұмсалатын мемлекеттік шығыстарды ұлғайту, халыққа тікелей төлемдер беру және басқалары түріндегі фискалдық саясат құралдарын белсенді пайдалануға байланысты. Жаһандық қаржылық қолдау 14 трлн долларға жетті. Нәтижесінде, жаһандық мемлекеттік қарыз әлемдік экономиканың рекордтық 100% көлеміне жақындады.
Бұл ретте пандемия қоғам мен экономиканы цифрландыру процесін қайтымсыз етті. COVID-19 цифрлық өнімдерге деген қажеттіліктің күрт өсуіне әкелді, осылайша IT-индустрияға үлкен қиындықтар туғызды және сонымен қатар дамуға серпін берді. Нәтижесінде, пандемияға дейін бірнеше жыл қажет болатын цифрландыру процесі жеделдеді, - деп атап өтті Т. Жақсылықов.
Вице-министр өткен жылы барлық оқушылардың 90%-дан астамы алғаш рет онлайн білім алуға мәжбүр болғанын, бұл білім сапасына айтарлықтай әсер еткенін атап өтті. Кейбір бағалау нәтижесі бойынша мектептердің жабылуына байланысты болашақ кіріс шығынының келтірілген құны Азияның дамушы елдері үшін шамамен 1,25 трлн долларды құрайды, бұл 2020 жылы аймақтың ЖІӨ-нің 5,4%-на тең.
Қазақстан халықтың әл-ауқатын арттыру және экономиканың тұрақты өсуін қамтамасыз ету бойынша ұзақ мерзімді мақсаттарға қол жеткізу үшін жүргізіліп отырған саясаттың сабақтастығы қағидаттарын ұстанатын болады. Үкімет 2025 жылы ШОБ үлесін елдің ЖІӨ-не 35%-ға дейін ұлғайту және әлемде бизнес жүргізуге барынша қолайлы жағдайлары бар үздік 20 елдің қатарына кіру мақсатын қойды, - деп айтты Ұлттық экономика министрінің орынбасары.