ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин елордадағы модульдік үй құрылысы технологиясы бойынша салынған алғашқы тұрғын үйге барды, деп хабарлайды zakon.kz primeminister.kz-ке сілтеме жасап.
Үкімет басшысы салынып біткен "7Я" тұрғын үй кешенінің сапасын тексеріп, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында модульдік үй құрылысын одан әрі кеңейту жөніндегі жоспарлармен танысты.
"7Я" тұрғын үй кешенінің модульдік блоктары Нұр-Сұлтан қаласындағы ModeX зауытында жасалған, оның автоматтандырылған конвейерлік желісі 2020 жылғы желтоқсанда Үкімет басшысының қатысуымен ашылған еді.
Кәсіпорында АҚШ, Сингапур және Германияда қолданылатын ірі блокты үй құрылысының инновациялық технологиялары енгізілген, олар құрылыс мерзімін қысқартуға, оның сапасын арттыруға және тұрғын үйдің өзіндік құнын төмендетуге мүмкіндік тудырады. Жаңа озық технология құрылыс саласының одан әрі дамуына және жалпы алғанда, Қазақстанды индустрияландыруға серпін береді. Бүкіл әлемде мұндай зауыттар санаулы ғана.
Елордадағы алғашқы зауыт компания үшін арнайы әзірленген жеке жоба бойынша салынды. Оны құру үшін Германия, Италия, Түркия, Ресей және Қазақстан инженерлері жұмыс істеді. Соның арқасында үздік әлемдік тәжірибелерді қолдана отырып, бірегей көлемді блок-модульдер өндірісі құрылды.
Ірі блокты үй құрылысы климаттық жағдайларға тәуелді емес, өйткені жұмыстың 80%-ы – арматура байламынан бастап, сантехниканы қоса алғанда, таза әрлеудегі модульдерді қалыптастыруға дейін кәсіпорында жүзеге асырылады, бұл барлық процестерді едәуір жылдамдатады. Мәселен, ауданы 9 мың шаршы метр болатын 16 қабатты "7Я" тұрғын үйін салу үшін бар болғаны 6 ай уақыт қажет болды. Алдағы уақытта модульдік тұрғын үй құрылысының мерзімін 3 айға дейін қысқарту жоспарланып отыр.
Модульдерді өндіруге қажетті негізгі материал – керамзитбетон. Кәсіпорынның темірбетон өнімі "ҚазҚСҒЗИ" АҚ-ның жоғары беріктігіне, сейсмотұрақтылығына, ұзақ мерзімге жарамдылығына және шуды оқшаулауына жасалған сынағынан сәтті өтті. Көпсатылы операциялық бақылаудың және автоматтандырудың жоғары деңгейінің арқасында жоғары сапалы өнімге қол жеткізіледі.
ModeX зауытының жобалық қуаты жылына 200 мың шаршы метр тұрғын үйді құрайды. 2023 жылға дейін жалпы жобалық қуаты 500 мың шаршы метр тұрғын үйдің қосымша екі кезегін салу жоспарлануда. 2-ші және 3-ші кезекті іске қосудың арқасында кәсіпорындағы тұрақты жұмыс орындарының саны 700-ден 1200 адамға дейін артады.
Модульдік үй құрылысы технологиясы бойынша салынған тұрғын үйді компания дайын жөндеу жұмыстарымен және отандық өндірістің – Шымкент пен Павлодар жиһаз зауыттарының кіріктірілген жоғары сапалы жиһазымен қоса, толық өткізеді. Бұл ретте пәтерлер саусақ ізі бойынша есікті ашу функциясы бар электрондық құлыптар, кіріктірілген қауіпсіздік жүйесі, IP-домофония және басқа да инновациялар тәрізді smart-опциялармен жасақталған.
2021 жылдың соңына дейін Нұр-Сұлтан қаласында модульдік конструкциялардан салынған 100 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Қазақстан бойынша үй құрылысы комбинаттарын ашып, ірі блокты үй құрылысы технологиясы бойынша тұрғын үй құрылысын ауқымды ету қажет. Бұл еліміздің тұрғын үй және әлеуметтік инфрақұрылымын салу көлемін кеңейту, халықты қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді шешуге ықпал ететін болады, – деді А. Мамин.
2021 жылдың 4 айында Нұр-Сұлтан қаласында 709,3 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Биылғы жылдың соңына дейін қосымша 30 мыңға жуық пәтер, оның ішінде 2,3 мың әлеуметтік тұрғын үй пәтері пайдалануға беріледі.
Қазақстанда 2021 жылдың қорытындысы бойынша жалпы ауданы 17 млн шаршы метр 163,1 мың тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарлануда, ҚР-да жалға берілетін және кредиттік пәтерлермен халықтың әлеуметтік осал топтары, жастар, бюджеттік ұйымдар қызметкерлері қатарынан 22,5 мыңнан астам отбасы қамтамасыз етіледі.
Инспекциялық сапарға Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов және т. б. қатысты.