Кеше Лукашенко халықаралық авиация тарихындағы үлкен қылмысқа барып, бір елдің ұшағын жойғыш ұшақпен қорқытып, өз әуежайына қондырып, ішіндегі 25 жастағы жігітті тұтқындады. Ақталуы да қызық. "Ұшақта бомба болуы мүмкін" деген хабарлама жетті дейді.
Қысқасы енді жасаған қылмысы үшін жауап беруі тиіс қой. Әзірге мынандай шешімдер қабылданды:
- ЕО елдері Беларусь еліне берейін деп отырған 3 млрд еуро берілмейтін болды. 800 млн долларды Путиннен жалынып сұрап жүретін Лукаш үшін бұл үлкен соққы. Бірақ сыртқа білдіргісi келмейді.
- ЕО ертең Беларусьтың авиациялық секторына, бизнес және экономикасына санкция салу мәселесін талқылайды.
- Украина Беларусьпен әуе қатынасын үзді. Ол Беларусь аспанын айналып өтеді.
- Латвия барлық Беларусь дипломаттарын еліне қайтарды.
- Белнефтхим және Беларускальияға қарсы санкциялар дайындалып жатыр.
- Ұлыбритания "Белавиа" ұшақтарының ұшып кіруіне тыйым салды. Швецияның SAS авиакомпаниясы Беларусь үстімен ұшпайтын болды.
Осының бәрі жынды диктатордың бір ғана ессіз әрекетінен кейін іске асты, деп пайымдайды желіде Асхат Қасенғали.
Бір адамды ұстаймын деп еліне осыншалықты соққы алып келді. Ал ұсталған Роман Протасевич тіпті NEXTA арнасынан кетіп қалғанына біраз уақыт болған еді ғой. Ертеңнен бастап санкция күшейеді, бұл Минскті әлсірете береді. Демек Мәскеуге деген тәуелділігі арта түседі. Яғни бізге Лукашенконың Романды босатқаны (вряд ли) немесе оның тезірек режимі құлағаны тиімді сияқты. Болмаса ол өз еркімен Ресейге жұтылу жолына түсіп барады. Ал Беларусьті жұтып алса, Мәскеу көзін (назарын) қайда бұрары белгісіз дегендей. Минск-Мәскеу қайшылығы бізге тиімді. Әзірге Лукаш терлеп кетті. Қатты терледі, деп жазады ол.