Үй-жайы жоқ әр отбасы баспананы армандайды – депутат Құлахметов

Қазақстанда баспана алу мүмкіндігінің жоқтығынан жастар ажырасып жатыр.

Мәжілістің жалпы отырысында депутат Ғазиз Құлахметов Премьер-Министрінің орынбасары Роман Склярға тұрғын үй мәселесіне қатысты депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды zakon.kz.

Депутат атап өткендей, еліміздің экономикалық және әлеуметтік дамуын реттеп отыратын мемлекеттік саясаттың негізгі қағидасы азаматтарымызға сапалы әрі лайықты дәрежеде өмір сүретіндей жағдай жасау. Сол құндылықтардың бірі - тұрғын үй құқығы мен оның іске асуын қамтамасыз ететін мемлекеттік кепілдік. Адам баласы үшін баспана осы күні де ең негізгі қажеттілік.

Қалың бұқараны тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатымен үкімет бірқатар мемлекеттік бағдарламалар жариялап, осы күні іске асырып жатқан жайы бар. Сырт қарағанда ол баспанаға еліміздегі көңілі қалаған әр азаматтың қолы жетіп жатқандай боп көрінуі әбден мүмкін. Алайда айналымдағы заң жобасын және бағдарламалардың орындалу жүйесін сараптай келе, басында үйі бар азаматтардың мүдделері ескерілмей қалғаны белгілі болды. Нақтылай кетейін, баспанасын уағында азаматтық құқықтық келісім шарт негізінде, мұрагерлік жолмен, яғни, заңға қайшы келмейтін өзге де жолдармен меншік иесі атанған азаматтар. Бұл санаттағы азаматтар көбіне-көп бір шаңырақтың астында тұрып, ортақ шаруашылық жүргізеді. Олар бір жанұяның мүшелері, болмаса, жақын ағайын-туыстар. Алақандай пәтерге 7-8 жан боп тығылып, күн кешіп жатқан ағайыны бар осында отырған көптеген депутаттардың арасында да көп шығар…

Тұрып жатқан үйлерінің жалпы ауданы, шаршы метрге шақсақ, белгіленген техникалық, санитарлық, өзге де нормативтік талаптарға сай келмейді. Біздегі құрылыс нормаларына сай, төртінші дәрежелі тұрғын үй ғимараттарында адам басына 15 шаршы метр, бірінші дәрежелі ғимараттарда максималды норма 25 шаршы метр. Ал, БҰҰ-ның халықаралық стандарттарында минималды көрсеткіш 30 шаршы метрге тең екен.

Үй-жайы жоқ әр отбасы өз баспанасына қол жеткізуді армандайды. Тар үйдің тұрғындары баспананың кеңдігін аңсайды. Өкінішке орай, ол мүмкіндік қазір көп адам да әлі де жоқ. Қаржы тапшылығы қолбайлау. Себебі, аға буынның жиған қоры өзінен аспайды, жастар болса, дүние теруді әлі де бастамаған. Жабылып несие алайын десе, банк зейнеткерлерге ақша бермейді. Жастардың алар айлығы мардымсыз болған соң, банк оларға да қайырыммен қарамасы анық. Бастапқы жарнасын жиған күннің өзінде, ай сайынғы төлемдеріне шамалары жоқ. Қысқасы, "тұйық көшенің" тұрғындарындай боп жүр. Жер алып, үй салайын десе, ол мүмкіндіктен де айырылып отыр. Себебі, жер алу үшін дүние-мүлкің болмауы тиіс.

Тұрғын үй бағдарламаларына жауапты компаниялар болса, ҚР "Тұрғын-үй қатынастары" туралы Заңның 69 бабының 1 тармақшасына сілтеп, біз айтып отырған отбасы мүшелеріне баспана алуына рұқсат бермейді.

Әлеуметтік ахуалдың жайсыздығы, баспана алу мүмкіндігінің жоқтығы, өз бұрышыңның болмауы, отбасы ішіндегі татулықты бұзып, ажырасып жатқандар санын арттырып жатқаны да жасырын емес.

Сондықтан ҚХП-ның келесі ұсыныстары бар:

1. Айналымдағы заңнамаға тұрып жатқан үйдің ауданын, яғни шаршы метрлерін ұлғайту арқылы баспана жағдайын жақсарту деген ұғымды кіргізу қажет және кедергі келтіріп отырған нормаларды толықтай алып тастау керек. Сонда бір-екі бөлмеде тарлықта тұрып жатқан отбасы қалауынша, үш-төрт бөлмелі кең пәтерге көшу мүмкіндігін алар еді. Босаған үй баспана қорына өтіп, келесі меншік иесіне берілер еді.

2. Баспананы бағалау, сатып алу, меншік иесінен келесі үміткерге баспана беру тәртібі мен ережелерін пысықтау қажет. Осылайша, тұрғын-үй қорын қалыптастырудың ұтымды әрі қосымша жолы пайда болар еді.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: