Белгілі ғалым Сағади Бөлекбаев дүниеден озды

Профессор Сағади Бөлекбаев шетелдік ғылыми орталарда да танымал тұлға.

Қазақ философиясы ғылымы ауыр қазаға душар болды. Әйгілі ойшыл-философ Ағын Қасымжановтың ізбасары, көрнекті ғалым, философия ғылымының докторы, профессор Сағади Байұзақұлы Бөлекбаев дүниеден озды, деп хабарлайды zakon.kz.

Профессор Сағади Бөлекбаев жарты ғасырға жуық ғұмырын ғылым мен ұстаздыққа арнап келе жатқан белгілі ғалым, педагог, қоғам қайраткері, Саяси ғылымдар және Заң ғылымдары академияларының академигі.

ҚР БҒМ-нің ұлттық сарапшысы, Қазақстан халқы ассамблеясының кеңесшісі, ҚР Мәдениет министрлігі Дін істері жөніндегі комитеті сарапшылар кеңесінің мүшесі, Алматы қаласындағы ақпараттық-талдау орталығының мүшесі, "Әділет" партиясы төрағасының орынбасары, ҚР ҒК Философия, саясаттану және дінтану институтының ғылыми жобаларының сарапшысы, бірнеше диссертациялық кеңестердің мүшесі, "Орталық Азия университеті Хабаршысы", "Мәдениеттер диалогы" ақпараттық-талдау журналдарының бас редакторы, "Д.А. Қонаев атындағы Заң университеті Хабаршысының", Ресейлік "СОТИС" федералдық ғылыми-практикалық журналының редакциялық алқасының мүшесі сынды ғылыми және қоғамдық-саяси қызметтерді жауапкершілікпен атқарған тұлға.

Сағади Байұзақұлының философия тарихы, әлеуметтік философия, халықаралық қатынастар, түрік халықтарының тарихы мен мәдениеті, логика, экономика және мемлекет мәселелері, сана философиясына қатысты зерттеулері оқырманға етене таныс және үлкен сұранысқа ие. Ғалым "Балама жүйелердегі экономика мен мемлекеттің арақатынасы", "Әлеуметтік әділдік мәселесі", "Қазіргі халықаралық қатынастардың мәселелері", "Дилеммадағы Қазақстандық жол: Шығыс немесе Батыс?" "Жаһандық транзиттегі Қазақстан мен іргелес мемлекеттер", "Түріктердің әлемдік өркениетке қосқан үлесі", "Сана феномені: жаңаша көзқарас", "Қазіргі Қазақстан қоғамының көкейкесті мәселелері", "Еуразиялық интеграция концепті: идеялар және шындық", "Жаһандық экономикалық әріптестік контекстіндегі трансұлттық жобалар" кітаптары мен "Философия", "Логика" пәндеріне арналған оқулықтардың, 250-ден астам ғылыми мақаланың авторы болған.

Профессор Сағади Бөлекбаев шетелдік ғылыми орталарда да танымал тұлға. Ғалымның 50-ден астам ғылыми еңбегі Чехия, Польша, Нидерланды, Германия, Пәкістан, Ресей, Украина, Өзбекстан, Түркменстан, Қырғызстан, Әзербайжан және т.б. елдерде жарияланған.

Профессор Сағади Бөлекбаевтың Қазақстандағы философия ғылымының дамуына қосқан үлесі мен жарқын бейнесі мәңгілік жадымызда сақталады, деп көңіл айтады Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Философия және саясаттану факультеті Философия кафедрасы.


Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: