"Мемлекеттің мұқтаждығы үшін" дегенді сылтауратып, әкімдік әділетсіздікке барып отыр. Тараздың қақ ортасында орналасқан 100-ден астам жеке үйдің түрғыны осылай деп шу шығарды. Себебі, жергілікті билік шаһарды дамыту жоспарына сәйкес олардың иелегіндегі жер учаскелерін сатып алмақшы екен. Тұрғындарға ол туралы тиісті ескерту де беріліп қойған. Алайда, жұртшылық баспаналар үшін беріліп отырған бағамен келіспейді.
Бұл туралы "Еуразия" бірінші арнасы хабарлайды.
Бұл шағын аудан шаһардың дәл орталығында орналасқан. Бірнеше жыл бойы айналасы абаттандырылып, зәулім ғимараттар бой көтерген. Демалыс орындары мен аллеялар соғылған. Енді міне көрікті жерде күн кешеміз деген тұрғындардың қуанышы су сепкендей басылыпты. Әкімдіктен жер учаскелері мемлекеттің мұқтаждығы үшін алынады деген хабарлама келіп, бағалау жұмыстары басталыпты. Өмір бойы тұрып келе жатқан баспанамызға берілгелі жатқан қаржыға қарап не жыларымызды, не күлерімізді білмей отырмыз, дейді көпшілік.
Қуанышбек Алыпқашов, қала тұрғыны:
Қара шаңырақ деген болады. 50,60 жылдан бері тұрып жатқандар бар, осы жерде өсіп-өнген. Оларға келді да, аяқ астынан көшіңдер дейді. Жақсы көшейік, бірақ бізді риза қылып, елге беру керек қой. Қорлаудың керегі жоқ. Баға деген қандай боп тұр, нарық бағасы. Беріп жатқан бағаларына жер алады, жер алған соң баспана соғуға ақша керек шығар. Тегін ешнәрсе болмайды ғой.
Тұрғындардан алынуы тиіс жердің жалпы аумағы 8 гектарды құрайды. Мұнда жеке үйлерден бөлек кәсіпкерлік нысандары да бар. Әкімдіктің шешіміне бизнесмендер де қарсы. Тірнектеп жинап, талай елді асырап отырған бизнесіміз тиынға бағаланып отыр, дейді олар. Ал дауға айналған аумақты қандай мақсатта пайдаланатынын әкімдік өкілдері ашып айтпады дейді ашынған ел. Жұртшылықтың "Біздің жерді алып, көп қабатты үй салуға беріп жібереді" деген де күдігі бар.
Әкімдік өкілдері бұл аумаққа тұрғын үй салынбайды деп сендіріп отыр. Қаланың бас жоспарына сәйкес, алынған жерлерге "Көне Тараз" тарихи-мәдени кешенін дамыту мақсатында түрлі нысандар бой көтермекші. Сондай-ақ, үйлерге бағалауды жүргізген де біз емес, жеке бағалаушы компания деп бастарын алып қашты.
Асхат Есенәлиев, Тараз қаласы әкімінің орынбасары:
Оценкамен келіспейтін болса, 20 күннің ішінде мен келісемін, я келіспеймін деп біздің жер бөліміне өткізеді. Сол жауапқа сәйкес келісемін дегендерді қойып қоямыз нақты. Келіспеймін деген азаматтарды заң аясында жүргізетін тәртіптері бар. Мысалы үшін судебный частный экспертиза қоюы мүмкін, независимый эксперт қоюы мүмкін, сот арқылы шешім қабылдануы мүмкін. Бұл жерде уже прокуратура да, құқық қорғау органдары да араласады, әрқайсысы өз жұмыстарын атқаратын болады.
Әкімдік пен тұрғындар арасындағы бұл тартысқа қашан нүкте қойылатыны әлі белгісіз. Себебі, халық ойымыздағы қаражатқа қол жеткізбейінше тұрған жерімізден бір қадам да аттап баспаймыз деп бекініп отыр. Әділдікке жету үшін көпшілік енді сотқа жүгінбекші.