Мәжіліс депутаты, "Nur Otan" партиясы фракциясының мүшесі Мейрамбек Төлепберген Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановқа ел ішіндегі өңіраралық қоныс аудару туралы депутаттық сауалын жолдады, деп хабарлайды zakon.kz.
"Nur Otan" партиясы Фракциясының мүшелері мынадай ұсыныстар енгізді:
1. Қазіргі уақытта ішкі және сыртқы көші-қонның стратегиялық маңызы артып отырғандығын және "Nur Otan" партиясының "Өзгерістер жолы: әрбір азаматқа лайықты өмір" сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі Жол картасына сәйкес 2025 жылға дейін 80 мың қандастың, оның ішінде 2021 жылы 12 мың қандастың қайта оралуына жәрдемдесу жоспарланғандығын ескеріп, бір кезде Үкімет жанында болған Көші-қон және демография агенттігін қайтадан құру мәселесін қарастырған жөн деп білеміз.
Себебі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті көші-қон мәселелерімен жеткілікті айналысады деу қиын. Аталған агенттікті құру шетелдерде жұмыс істеп жүрген қазақстандықтардың құқықтарын қорғау тұрғысынан да қажет.
2. Соңғы жылдары отандастардың Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарына қоныс аудару процесі баяулап қалған, сол себептен жергілікті атқарушы органдар осы жұмысты жандандыруы тиіс, өйткені бұл мәселелер мемлекет пен халықтың мүдделері тұрғысынан стратегиялық маңызға ие.
3. Қандастар мен қоныс аударушыларды өңірлерде қабылдау, жұмысқа орналастыру және тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселелеріне жүйелі мониторинг жүргізіп, тұрақты бақылауда ұстау, сондай-ақ көші-қон саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруға тиісті басшылардың жауапкершілігін қатайта түскен жөн.
4. Қаржы мониторингі агенттігі қоныс аударушыларға мемлекеттік қолдау көрсетуге және оларды жұмысқа қабылдаған шаруашылықтарға төленген субсидияларға жұмсалған бюджет қаржысының мақсатқа сай жұмсалуына қажетті тексеріс жүргізуі керек.