Елбасы Марат Ахметжановты қабылдады

Cоңғы 5 жылда Қазақстанның Сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексіндегі позициясы жақсарды.

Елбасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Марат Ахметжановты қабылдады, деп хабарлайды zakon.kz Елбасының ресми сайтына сілтеме жасап.

Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздік жылдарында Қазақстанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері бойынша ауқымды іс атқарылғанын айтты.

– Біз тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап жемқорлыққа қарсы күрес саласында жұмыс істеп келеміз. Дегенмен әлі де атқарылатын шаруа аз емес. Бұл процеске қоғамды жұмылдырған жөн. Осы бағытта әлемдік тәжірибе жеткілікті, соны зерттеуді және қолданысқа енгізуді жалғастыру керек, – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.

Кездесуде М.Ахметжанов Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің жемқорлық қатерлерін талдау және алдын алу, сыбайлас жемқорлық саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайту шаралары туралы айтты. Сондай-ақ агенттік қызметінің тиімділігін одан әрі арттыру жоспарын баяндады. Агенттік төрағасының мәліметі бойынша, соңғы 5 жылда Қазақстанның Сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексіндегі позициясы жақсарып, 122-ші орыннан 94-ші орынға ауысты.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: