4 маусымда жазбаша келісім негізінде азаматтың құқығы мен заңды мүдделерін қорғау мақсатында Ақмола облыстық Экономикалық тергеу департаментінің ғимаратына келдім, дейді желіде адвокат Ерлан Мәкенов.
– ЭТД ғимаратының төртінші қабатында сағат 12:30-дан 21:34-ке дейін болдым. Бірақ тергеу тобының жетекшісі А.Ф.Унгарбаев адвокат ұсынған хабарламаға, қызметтік куәлік көшірмесіне, клиенттің адвокатқа берген жазбаша рұқсатына қарамастан мені адвокат ретінде тергеу шараларына қатыстырмады.
Атап айтқанда:
1. Күдіктіден жауап алуға;
2. Сараптама қорытындысымен танысуға;
3. Күдіктінің әрекетіне баға беру жөніндегі жаңа қаулыны жариялауға.
Тергеу тобы жетекшісінің айтқан бар уәжі – "қазір уақыт жоқ, мерзім өтіп барады".
Мен тергеу тобы басшысының бұл әрекетімен үзілді-кесілді келіспеймін және оның үстінен Көкшетау қаласының тергеу сотына шағым түсірдім. Ақмола облысының Экономикалық тергеу соты "РемСтройСервис ПВ" ЖШС-іне қатысты ақша жымқыру фактісі бойынша қылмыстық істі бір жыл бойы тергеп жатыр, ал адвокатты қатыстыруға 5 минут уақыт бермеуіне негіз бар ма? Бұл Конституцияның 16, 39 және 10, 15, 31, 64, 66, 70, 89 және басқа баптарына қайшы келеді. Шамамен сағат 21:20-да Ақмола облыстық Экономикалық тергеу департаментінің ғимаратына қадағалаушы прокурор Бримжанов С.Т. келіп, адвокат өтінішін қарастырып, мәселені анықтаймыз деген уәде берді. Бұл қалай, өзі, деген сауал тастайды ол.