Жамбыл облысында бір малы да жоқ адамдар жайылым жерлерді иемденген

Игерілмей жатқан жер мемлекетке қайтарылуы тиіс.

Жамбыл облысының əкімі Бердібек Сапарбаев жайылым жер мəселесі жөніндегі облыстық прокуратурамен бірлескен мəжіліске қатысты, деп хабарлайды zakon.kz.

Жиында облыс прокуроры Нұрғалым Əбдіров бүгінгі таңда пайдаланылмай отырған ауыл шаруашылығы мақсатындағы егістік жерлер мен жайылымдарды мемлекет қорына қайтару бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

Жалпы өңірдегі пайдаланылмай жатқан жайылымдық жерлерді анықтау, ревизия жүргізу, мемлекет қорына қайтару бойынша атқарылып жатқан жұмыстар барысы туралы облыс прокурорының орынбасары Нұрбек Ұласбекұлы баяндады. Оның айтуынша, облыстағы жер қорының 32 пайызы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер. Ал жайылымдық жердің көлемі 34 миллион гектардан астам. Мəселен, прокуратура тарапынан жүргізілген тексеріс барысында Байзақ ауданындағы "Тұрсынбай" шаруа қожалығы 15 гектар жайылымдық жерді пайдаланылмай отырғаны белгілі болған. Сол сияқты жайылымдық жерге қатысты заң бұзушылықтарға Шу ауданында да жол берілген. Бұдан бөлек, облыс бойынша 673 мың гектар жайылым 157 лотифундистердің пайдалануында. Бұл анықталған жерлер негізінен Қордай, Шу, Мойынқұм жəне Талас аудандарында орналасқан. Сондай-ақ ревизия барысында кейбір ауыл әкімдері бірде-бір малы жоқ адамдарға жайылымдарды мақсатсыз үлестіргені анықталған. Сонымен қатар жер иесі қайтыс болып кеткен азаматтардың жайылымдық жерлері қайта рəсімделмеген болып шықты. Баяндамашы сөзінің соңында пайдалагылмай жатқан ауыл шаруашылығы мен жайылымдық жерлерді мемлекет қорына қайтаруды жолға қою үшін облыс әкімдігі қасынан арнайы жұмыс тобын құру керек деген ұсыныс айтты.

- Баяндамаңызда облыста пайдаланылмай жатқан үш мыңнан астам жайылымдық жер анықталғанын айтып қалдыңыз. Қазіргі таңда оның қаншасы мемлекет қорына қайтарылды? Біз ол игерусіз жатқан жерлерді қайтарып қана қоймай, қайта айналымға қосуымыз керек, осыны нақтылай кетсеңіз, - деді облыс əкімі.

Облыста бүгінгі таңда 263 гектар жер қайтарылды, қалған жерлер бойынша заң аясында қайтару шаралары қолға алынды.

- Тексеру қорытындысы кейбір аудандарда пайдаланылмай жатқан жайылымдардың көптігін анықтады. Соның ішінде Шу ауданы да бар. Бұдан бөлек, Талас ауданында – 108, Жамбылда – 58, Қордайда - 20 мың гектар жайылымдық жер пайдаланылмай жатқаны белгілі болды. Сондай-ақ осы және басқа аудандарда жүзге жуық жайылымға иелік етіп келген жер иелері қайтыс болып кеткен. Ол жайылымдық жерлер не туыстарына не сол отбасы мүшелерінің біріне рәсімделмей жылдап қалып келеді. Бұл бойынша аудан әкімдері не жұмыс істеп жатыр, деді Нұрғалым Әбдіров.

Бердібек Машбекұлы да сол аудандар бойынша мәліметтерді көтере отырып, "Мәселен, Талас ауданында 2013 жылы дүниеден өтіп кеткен Қамысбаевтың атында 234 гектар жайылым жер тіркелген. Бірақ ол жер əлі күнге дейін ешкімнің атына рәсімделмеген. Оны біреу пайдаланып келеді ғой. Ол жер неге мемлекет қорына қайтарылмаған. Сондай-ақ "Шəушенова" шаруа қожалығының еншісінде 6600 гектар жайылымдық жер бар, ал қожалықтың иелігінде бірде-бір мал жоқ. Осындай мысалдар көп. Бұған кім жауап береді? - деп облыс басшысы Талас, Шу мен Қордай аудандарының бірнеше ауылдық округ әкімдерінен онлайн режімде мәлімет сұрады.

Өкінішке қарай, ауыл әкімдері өз округіне жауапты елді мекендегі шаруа қожалықтардың малы бар-жоғын білмейтін болып шықты. Ешқайсысы мандытып нақты жауап бере алмады. Ал облыс әкімі "бірде-бір малы жоқ адамдарға жүздеген гектар жайылымдық жерді қалай рәсімдеп жүрсіңдер. Ұят деген болу керек қой. Ревизия жүргізіп, игерілмей жатқан жайылымдарды мемлекет қорына тапсыру керек", деп ескертті.

- Біз ревизианы бекерден бекер жүргізіліп отырған жоқпыз. Бұл мемлекет басшысының тапсырмасы. Жиында айтылған кемшіліктер орнына келтірілуі керек. Ең негізгісі біз барлық жерді нақтылауға тиіспіз. Бір гектар болса да мемлекет қорына қайтарылып, ел игілігіне берілуі тиіс. Сөйтіп ауыл жанындағы жайылымды кеңейтіп, халықтың мал ұстауына, мал басын көбейтуіне жағдай жасауға міндеттіміз. Сондықтан аудан əкімдері мен ауыл əкімдері жұмыс істеу керек. Жұмыс тобының қызметін жандандырып, тез арада пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекет қорына қайтару қажет, - дей келіп Бердібек Сапарбаев аудан әкімдері мен тиісті басқарма басшыларына облыстық және аудандық прокуратура өкілдерімен бірлесе жұмыс істеуді тапсырды.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: