Қызылорданың іргесінде де жайылым жетпей жатыр

Жер "Қазақ күріш шаруашылығы" ғылыми-зерттеу институына тиесілі.

Қызылорданың іргесіндегі Қарауылтөбе ауылының тұрғындары төрт түлік малын қорада ұстап бағуға мәжбүр. Себебі ауыл маңындағы жер "Қазақ күріш шаруашылығы" ғылыми-зерттеу институына тиесілі екен. Сонау Кеңес заманынан жерге иелік етіп келе жатқан мекеме соңғы жылдары егістік пен жайылым жерлерін қоршауға алып, жергілікті тұрғындарды жолатпай отырған көрінеді. Енді қайтпек керек? Жерлікті әкімдік не дейді?

Бұл туралы "Еуразия" бірінші арнасы хабарлайды.

Қашықтау жақтан егу керек судың ретіне қарай. Жақын жерде елдің, халықтың малына жағдай жасап беру керек.

Қарауылтөбе тұрғындарының бар талабы осы. Қала іргесіндегі елдімекенде 3 мыңға жуық адам тұрады. Жұмыс көзі тапшы болғандықтан ауыл халқының жартысы қалаға қатынап нәпақа тапса, қалғаны азын-аулақ мал ұстап күнелтеді. Соңғы 2-3 жылдың көлемінде соның өзінен пайда көруден қалдық, дейді тұрғындар.

Ораз Беисов, Қарауылтөбе ауылының тұрғыны:

- Малды апаратын жер жоқ. Мал кәдімгі солдаттар сияқты азанда жинайды, содан 12 шақырым жерге барып жайылады. Барлық жағын қоршап тастаған, мал тіке барады тіке қайтады. Оған где-то 1,5 сағат уақыт кетеді. Сонда 8 сағат жайылатын болса соның 6-5 жарым сағатын ғана жайылады. Ол малдан не сүт шығады?

Қарауылтөбе ауылынның маңындағы жер "Қазақ күріш шаруашылығы" ғылыми- зерттеу институына тиесілі екен. Олар өздерінің еншісіндегі 4 мың гектарға жуық аумақтың тек 3-тен біріне егін егіп, ал қалғанын басқа мақсатта пайдаланатын көрінеді. Ауыл тұрғындары аталған институт бұл жерлерді бөгде біреулерге жалға беріп отыр дегенді айтады.

Күнсұлу Тұрымбетова, Қарауылтөбе ауылының тұрғыны:

- Екі жеті біз аяқ сусыз отырдық. Алақандай жерге еккен нәрсеміз сарғайып бара жатқасын шу шығардық. Шу шыққаннан кейін барып сол қоршауды алып, негізі аяқсудың сағасын ашып қою керек. Сағаны қоршауға болмайды, темірмен қоршаған, ешкім қарамайды. Әкімнің де сөзі өтпейді.

"Сөзі өтпейтін" әкіммен де жүздестік. Ауылдағы жағдаймен таныспын деген шенді зерттеу инстутымен тағы да келіссөздер жүргіземіз деп ақталды.

Сейілбек Тайманов, Қарауылтөбе ауылдық округінің әкімі:

Жер жоқ бізде мал жайылатын. Осыған байланысты халық жиналған. Енді қазір ғылыми-зерттеу институтының басшыларымен мал жайылымдық жерлерін келісе жатармыз. Жердің тапшылығы, таршылығы болып тұр енді бізде.

Алайда, "Қазақ күріш шаруашылығы" зерттеу институының басшылығы әкімдікпен келісім жасалғанын алға тартып, жайылымға жер бердік деп ақталды.

Нұрбол Аппазов, "Қазақ күріш шаруашылығы" ғылыми- зерттеу институының басқарма төрағасының міндетін уақытша атқарушы:

Жалпы біз 5 гектардың барлығын қоршаған жоқпыз, оған мүмкіндігіміз де келмейді. Негізі 1400-дей гектар жерімізді сол жерде қоршалды. Сол жерде егін егіледі. Өйткені ол қоршау болмаса жалпы халықтың малы келіп, біздің зерттеу жұмыстарымыздың барлығын бүлдіретін жағдайы бар. Сол себептен қоршап, сосын осы Қарауылтөбе ауылдық округының әкімдігімен келісім шартқа отырып, тегін негізінде халыққа жайылым беріп отырмыз.

Осылайша тараптардың сөзі бір-біріне кереғар шықты. Ал, тақыр жерде мал жайып отырған қарауылтөбеліктер басқа ауылдардағыдай бізге де егіндік пен жайылымдық жер 49 жылға жалға берілсе екен, дейді. Сол кезде жергілікті билікке қол жаймай-ақ өз күнімізді өзіміз көреміз деп отыр.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: