Toyota Land Cruiser 300 жол талғамайтын көлігінің әлемдік тұсаукесерінен көп кешікпей, көптен күткен модельдің Қазақстанда сатылымға шығатын күні мен бастапқы бағасы белгілі болды, деп хабарлайды zakon.kz kolesa.kz-ке сілтеме жасап.
"Үш жүздік" Toyota компаниясының ресми дилерлік орталықтарына 1 шілдеде жеткізіледі. Модель Қазақстанда екі түрлі күштік құрылыммен ұсынылады. Негізгісі – бұрыннан таныс 4 литрлік 1GR. LC300 моторының қуаты әлі жарияланған жоқ, бірақ алдыңғы буынға қойылған V6 272 ат күші мен 385 Нм момент беретін. Ол 6 сатылы автоматпен жұмыс істейді. Мұндай LC300-дің бағасы 35 миллион теңгеден басталады.
Екінші агрегат – 415 ат күшіне ие (650 Нм) қосарлы турбоүрлемді 3.5 литрлік V6. Ол 10 сатылы автоматпен жұптаса жұмыс істейді. Турбомоторы бар ең қарапайым машина біздің елде 41.1 миллион теңгеден сатылады.
Жол талғамайтын көліктің жиынтық түрі туралы толығырақ ақпаратты Toyota өкілдері шілде айының басында жариялайды. Қазірше мерейтойлық 70th anniversary нұсқасының қолжетімді болатынын білеміз. Ал қыркүйек айында Land Cruiser 300 топтамасы GR Sport-пен толығады.