Женевада Байден мен Путиннің кездесуі аяқталды

Кездесуден кейін күтілгендей, президенттердің бірлескен баспасөз мәслихаты өтпеді.

16 маусымда Женевада АҚШ президенті Джо Байден мен Ресей президенті Владимир Путин кездесті. Екеуі президент ретінде алғаш рет кездесіп отыр. Байден мен Путин кездесуі Мәскеу мен Вашингтон арасындағы қарым-қатынас нашарлаған тұста өтті, деп хабарлайды zakon.kz centralasian.org-ке сілтеме жасап.

Екі ел басшысының саммиті Женева қаласының жекеменшігі саналатын Ла Гранж тарихи вилласында өтті. Келіссөз Нұр-Сұлтан уақытымен 17:25 кезінде басталып, 21.00-да аяқталды. Яғни төрт сағаттан аз уақытқа созылды.

Кездесуден соң АҚШ және Ресей президенттерінің атынан стратегиялық тұрақтылық туралы мәлімдеме жарияланды.

Біз ядролық соғыста жеңуші тарап болуы мүмкін емес екенін және ондай соғыс ешқашан болмауы керек деген ұстанымды қолданатынымызды растаймыз. Бұл мақсаттарға жету үшін Ресей мен АҚШ таяу уақыттада стратегиялық тұрақтылық бойынша екі тарапты кешенді диалог бастайды, - деп жазылған құжатта.

Екі ел лидерлерінің кездесуінен кейін күтілгендей, президенттердің бірлескен баспасөз мәслихаты өтпеді. Алдымен Путин баспасөз мәслихатын өткізіп, сөйлесуді конструктивті және ешқандай қастықсыз өтті деді.

Осыдан кейін АҚШ президенті Джо Байден баспасөз мәслихатын өткізді. Ол АҚШ неге Ресейге қарсы санкциялар қабылдап жатқанын Владимир Путинге жеке жеткізгім келді деді. Ол Америка саясаты Ресейге қарсы бағытталмағанын, бірақ АҚШ президенті ретінде адам құқықтарының бұзылуына бейжай қарай алмаймын деді.

Байден Алексей Навальный туралы, Азат Еуропа /Азаттық радиосының орыс қызметінің мәселесін көтергенін растады.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: