Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында облыс әкімі "Ертіс" футбол клубына қатысты сауалға жауап берді, деп хабарлайды zakon.kz.
Өңір басшысы бүгінде клубты жою немесе банкрот ету мәселесі күн тәртібінде тұрған жоқ, бастысы "Ертістің" ұзақ жылдар бойғы қарыздарынан құтылу, деп хабарлады Pavlodarnews.kz.
- "Ертіс" айналасындағы жағдай – трагедия және павлодарлық ретінде менің де уайымым. Клубтың тарихы бай. Дегенмен, былтырғы қаржылық қиындықтар оның чемпионатты жалғастыруына мүмкіндік бермеді. Қазіргі кезде клубтың қарыздарынан құтылудың ұзақ процессі жүріп жатыр, - деді Әбілқайыр Сқақов.
Облыс әкімі "Ертістен" бөлек облыста екі кәсіпқой футбол клубы – "Ақсу" мен "Екібастұздың" барын еске салды. Әбілқайыр Сқақов "Ақсудың" биылғы Бірінші лигада сәтті өнер көрсетіп жатқанын айтып, онда толығымен жергілікті футболшылардың өнер көрсетіп жатқанын атап өтті.
- Одан бөлек, облыста әуесқой және кәсіпқой футбол бірге дамып келеді. Футболды дамытудың арнайы тұжырымдамасы қабылданып, ол тұрғындармен келісілді. Қазіргі кезде аула, аудан мен қалалар арасында көптеген жарыстар өтуде. Сондықтан Павлодарда футбол өлген жоқ, оның позициялары мығым, ол жақсы дамыған, - деді Әбілқайыр Сқақов.
Тақырыпқа орай: Павлодарда "ERTIS" футбол клубының директоры сотталды