Nur Otan кеңесі өңірлерде Отбасы істері басқармаларын құруды ұсынды

Бүгінде балалар суициді мәселесі де өте өткір болып тұр.

Мүмкіндігі шектеулі балалар үшін мектептер мен балабақшаларда тиісті жағдай жасау, кәмелетке толмағандарды буллингтен қорғау, суицидтің алдын алу және сайлауалды уәделерді орындау. Жол картасын іске асыру аясындағы осы және өзге де өзекті мәселелер "Nur Otan"-ның Отбасы, әйелдер және балалар құқығын қорғау мәселелері жөніндегі республикалық қоғамдық кеңесінің отырысында талқыланды, деп хабарлайды zakon.kz партияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Елімізде ерекше білім берілуіне қажеттілігі бар 160 мыңға жуық кәмелетке толмаған бала бар, оның 108 мыңы – қалаларда, 53 мыңы – ауылдарда. Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринованың айтуынша, осындай балаларға еліміздегі балабақшалардың 60,8%-ында және мектептердің 79,4%-ында жағдай жасалған. 348 инклюзияны қолдау кабинеттері жұмыс істейді, ерекше балалармен жұмыс істеу үшін 36 мыңнан астам педагог біліктілік арттырудан өткен.

Алайда, Кеңес төрағасы, Мәжіліс депутаты Динара Закиева атап өткендей, білім беру мекемесінде инклюзияны қолдау кабинетін ашқанмен, ол жерде балаларға қаншалықты жағдай жасалып, кедергісіз орта құрылғандығына ешкім назар аудармайды.

Біз осы жылы инклюзия жағдайлары жасалды деп Білім министрлігі ұсынған мекемелердің тізімін зерттедік. Онда ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар бірнеше жылдан бері білім алып келе жатқан мектептер мен колледждер көрсетілген. Сонымен қатар, оларда биыл ешқандай педагогтарды қосымша оқыту және олардың материалдық-техникалық базасын жақсарту жұмыстары жүргізілмеген. Екіншіден, арнайы кабинеттер бұрын ашылған немесе енді ашылып жатқан мектептерде кедергісіз орта жасалмайды. Мысалы, ерекше білім беру қажеттіліктері бар 77 бала оқитын елордалық мектепте лифт жоқ, арбадағы балаларды бір қабаттан екіншісіне көтеріп апаруға тура келеді. Үшіншіден, тізімде тек 1-4 сынып аралығындағы балаларды қамтитын инклюзияны қолдау сыныптары жұмыс істейтін мектептер көрсетілген. 11-сыныпқа дейінгі балаларды оқыту үшін кадрлар даярлау қамтамасыз етілмеген, - деді Динара Закиева.

Бүгінде балалар суициді мәселесі де өте өткір болып тұр. Ішкі істер вице-министрі Қайрат Сүнтаевтың айтуынша, осы жылдың 5 айында кәмелетке толмағандар арасында 84 өзін-өзі өлтіру және 164 соған әрекет жасау фактісі тіркелген.

Негізінен мұндай фактілер толық емес және әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларда тіркеледі. Сондай-ақ, туындаған жанжалдар, балаларға қатысты зорлық-зомбылық кесірінен де орын алады. Бұл жағдайға виртуалды кеңістіктің әсерін бөлек қарастырған жөн. Министрлік Интернеттің қазақстандық сегментіне тұрақты түрде мониторинг жүргізеді. Биыл зорлық-зомбылықты насихаттағаны үшін 5 мыңнан астам, ал былтыр 10 мыңнан астам шетелдік интернет-ресурс бұғатталды, - деп атап өтті Қайрат Сүнтаев.

Балалар арасында суицидті болдырмау мақсатында алдын алудың бірыңғай әдістемесін енгізген жөн. Ол үшін өмірлік қиын жағдайға тап болған кәмелетке толмағандар мен олардың отбасылары уақтылы көмек алуы керек дейді Кеңес мүшелері. Олардың пікірінше, кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссиялардың жұмысын күшейту қажет.

Комиссиялар өздерінің дәрменсіздігін көрсетіп отыр. Олардың жұмысы көп жағдайда формалды түрде атқарылады. Біз бірде-бір комиссияның отбасына көмек жоспарының орындалуын нақты бақылағанын көрмедік, ал оның артында бүкіл отбасы мен баланың тағдыры тұр. Бұдан басқа, кадрлар жетіспеушілігі мәселесі де өзекті. Отбасы мен балаларға көмек көрсету инфрақұрылымын жасаудың маңызы зор. Оған өткен жылы 45 мың отбасына көмек көрсеткен 2 324 жедел әрекет ету тобының, сондай-ақ "Nur Otan"-ның Жол картасы аясында құрылған "111" қызметінің жұмысы мысал бола алады. Сондай-ақ, бес жыл ішінде әр қала мен ауданда 234 орталық ашылады, - деді Динара Закиева.

Оның айтуынша, енді отбасы істері басқармасын құру қажет. Осыған байланысты кеңес өңірлерге осы жұмыстың барлығын үйлестіретін, отбасыларға жүйелі көмек көрсету, отбасы институтын нығайту және, тиісінше, баланың әл-ауқатын қамтамасыз ету үшін өзара іс-қимыл жасайтын басқарма құру бойынша жұмыс істеуді сұрады.

Өз кезегінде Кеңес мүшесі, Мәжіліс депутаты Әлия Әбсеметова Білім министрлігі еліміздегі балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілетті орган ретінде таныстырылымдардан, семинарлар мен зерттеулерден нақты іс-қимылдарға көшу қажеттігін атап өтті.

Біз "BALA QORǴAU" акциясы мен чаты туралы БҒМ-нің бірдей баяндамаларын осымен екінші жыл қатарынан естіп келеміз. Министрлік қабылданып жатқан шаралар туралы мәлімдей келе, өз Жол картасын іске асырып жатқаны туралы айтады, бірақ онда да жүйелі шаралар көрсетілмеген, - деп атап өтті ол.

Отырыс қорытындысы бойынша кеңес мүшелері атқарушы органдарға бірқатар ұсынымдар жасады. Атап айтқанда, қорғаншылық және қамқоршылық кадрларының санын арттыру, инклюзивті білім беру сапасы мен көлеміне мониторинг жүргізу, мектептердегі психологтар санын арттыру, "Саналы ата-ана" курстарын құру және т. б.

Сонымен қатар, Отбасы, әйелдер және балалардың құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі өңірлік кеңестер білім беру мекемелеріне, отбасын қолдау, Отбасылық жанжалдарды шешу және балалары бар әйелдерге уақытша тұру орталықтарына тексеру жүргізуі қажет.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: