Қазақстандағы инклюзия: екі мықты адамның хикаясы

Церебралды сал ауруы диагнозы қойылған қыз алғашқы қадамдарын үш жасында жасаған

Аня Литвинова – алматылық қарапайым мектептің оқушысы. Бос уақытында спортпен айналысады – Қазақстанның паралимпиадалық құрамасының мүшесі. Бірақ бірден осылай бола қойған жоқ. Мықты адамның хикаясы zakon.kz порталындағы "Инклюзия" топтамасының жаңа материалында.

Аняның анасы – Татьяна перзентхана дәрігерлері армандап тапқан баласының жағдайын тіке айта салғанын еске алады. Оңай болмасы бірден түсінікті еді. Кейін қызға сал ауруы диагнозы қойылды. Татьянаның айтуынша, бастапқыда бұл бір үмітсіз дүниедей көрінген.

- Ұйқысыз түндер, Аняға қарапайым ғана көмектесу жолын білмей, кімге жүгінерімді білмей, күйзеліске түстім, – бәрі төніп келгенде шарасыз күйге түстім. Баласы ауырған ата-аналар түсінеді. Көбі бұл жолдан өтеді, – дейді Татьяна.

Алайда қызына деген махаббаты мен оған көмектесуге деген ниет сенімсіздік пен қорқынышты жоқ қылған. Оның орнына ерте бастан реабилитацияны бастаса, Аняның жағдайы жақсарады деген сенім келген.

- Ерекше балақайлардың ата-анасы екі жолмен жүреді. Біріншісі – көпшілік отбасы сияқты өмір сүру: дәрі қабылдау, сирек реабилитация, интернетте оқу. Ата-аналар баласының дамуы тежелгенін білсе де аурухана бармай, ауру өзінен-өзі кетіп қалады деп ойлайтын жағдайлар болады. Ал өте құнды уақыт өтіп жатыр, – дейді Татьяна.

Ол жолын таңдап, Аняны аяққа тұрғызуға бел буады. Осылайша сал ауруымен ұзақ жылға созылған күрес басталған, аяқ пен қолдың дұрыс қозғалуы, еркін тыныс алу, қозғалу үшін күресетін уақыт.

Оңалту клиникалары мен мамандары туралы ақпаратты іздеп, Татьяна САТР орталығына барады, онда әртүрлі диагнозы бар балаларға көмек көрсетіледі. Сол кезде Аня төрт айлық еді.

Қыздың өзі бір жылдан кейін алғашқы оңалтудан өткен құрдастарының жағдайы одан әлдеқайда нашар екенін айтады. Аня жылына кемінде бірнеше рет тұрақты негізде медициналық процедуралар кешені маңызды екеніне сенімді.

- Жыл сайын, тіпті жылына бірнеше рет оңалтудан өттім. Астанада инсульт алғандарға робот қайтадан жүруді үйрететін орталықта болдым. Әр түрлі оңалту орталықтарына бардым. физиотерапия және қолмен терапия курстарын алдым, - дейді қыз.

Дені сау балалар оңай игеретін нәрсені ерекше балалар күнделікті үздіксіз жұмыс нәтижесінде меңгереді. Бассейндегі сабақтар Аняға бұлшықет гипертониясын жеңуге көмектесіпті, тыныс алу функциясы жақсарды. Қазір қыз жүзумен кәсіби түрде айналысады.

- Қандай да бір жаттығулар жасалмас бұрын, оған төккен көз жасы көл болды. Ауруханаларда қанша уақыт өткіздік, емделуге қанша күш жұмсадық. Әр түрлі орталықтардағы бітпейтін реабилитация. Олардың бәрі жалпы алғнада нәтижесін берді. Бірақ мен әрқашан қызым бәрін жеңетінін білдім, - дейді Татьяна.

Церебралды сал ауруы диагнозы қойылған қыз 1,5 жасында өздігінен отыра алған және алғашқы қадамдарын үш жасында жасаған – бұл Аняның алғашқы жеңісі еді. Татьяна қызы үшін балабақша ерекше қуаныш сыйлағанын айтып, еске алады.

- Аня бала болса да, егер ол балабақшаға барғысы келсе, онда ол жерге өзі баруы керек екенін жақсы түсінді. Аналар тәулік бойы және өмір бойы балаларға физикалық қамқорлық жасай алмайды. Баланы тәуелсіз болашаққа дайындау өте маңызды.

Анамнан нақты сөз естідім: "Балабақшаға барғың келсе, барасың. Бірақ өз аяғыңмен".

- Мен бардым. Ол кезде үш жаста едім, бірақ бәрі жеті жасымда жүре бастайтынымды айтты. Бес жасында анам мені САТР жанындағы балабақшадан логопедияға ауыстырды, - дейді Аня Литвинова.

Қыз мектепке баратын уақыты келгенде, ол қарапайым оқу орындарында айналасындағылар жақтыртпаушылығы байқалған.

- Алдымен жекеменшік мектептерде оқыдым. Өйткені сол қабылдамаудың кесірінен мемлекеттік мектептер мені алуға қорқатын. Инклюзия ұғымы ол кезде әлі болған жоқ, тиісті заң қабылданған жоқ. Ол не екенін ешкім білмеді.

Бастауыш сыныптарда Аня қос қолын еркін қимылдата алмаған, жазу проблемаға айналған және барлық сыныптасы жаңа оқушыны қабылдай алмаған.

- Қолдан келгенді жасауға тура келді. Мен, мысалы, құйрық жасауым керек еді. Ешкім маған қамқор болғысы келмеді, бірақ кейде бұл көмек қажет еді, – дейді Аня.

Қыз инклюзивті сыныптардағы балалар арасындағы қарым-қатынас мұғалімдерге де байланысты екеніне сенімді. Ол өзі бірнеше рет буллингпен бетпе-бет келген. Кейде көзіне жас алған да.

- Мұндай үмітсіздік кездері болды! Бәрін тастағым келді. Содан кейін ғана адамдардың осындай екенін ұқтым. Сөйтіп, өзімді қолға алуым керек болды. Диагнозыма бола қатты уайымдамаймын. Менің мақсаттарым бар, мен оларға жетемін. Айналамда әрдайым қолдауға және көмектесуге дайын адамдар бар.

Алтыншы сыныпта Аня №38 мектепке ауысты. Ол онда осындай диагнозы бар алғашқы оқушы болған екен. Кейін бұл мектепке ерекше қажеттіліктері бар тағы бес бала оқуға қабылданыпты. Басшылық инклюзияда өмір сүруге, оқуға және оқытуға болатынын түсінді.

Мемлекеттік мектепте Аня Литвинова жалпы бағдарлама бойынша оқып, мұғалім оған айтарлықтай жеңілдіктер жасамағанын айтады.

- Мен әрқашан сабаққа өзім бардым. Жазу мәселелеріне байланысты диктанттың орнына мұғалімдер кейде маған бақылау жұмысын көшіруге беретін. Әйтпесе, уақыт жоқ еді. Бірақ бұл жеңілдіктерден артық ештеңе болған жоқ.

8-сыныпта кейбір мектеп инклюзивті бағдарламалар бойынша жұмыс істеген кезде Аня неміс тілін тереңдетіп оқытатын гимназияға көшкен, ол үш ай ішінде неміс тілінің бірінші деңгейін меңгерген.

- Бірде мұғалім маған "Егер сен қарапайым мектепте оқысаң – басқалар сияқты үйрен, оқи алмасаң – интернатқа бар" деді. Мен үшін бұл сөз мотивация ретінде айтылды. Мен интернатта оқығым келмейді. Қоғам мен үшін өте маңызды.

Дене тәрбиесінде де оқушы барлық сыныптасымен нормативтерді бірге тапсырады. Анам "Мен еш босаңсымаймын" деп нақты айтты.

- Қажеттінің бәрін, барлық нормативті жалпы шарттармен тапсырдым. Бірде мұғалім мені біздің сыныпқа "Аняға қараңдар, оның аяғы әрең қозғалады, бірақ ол жүгіруге тырысады!" деп мысалға келтірді. Ал мен әр қадамның құнын білемін.

Мектеп оқушысының айтуынша, ол үшін жеңістің үлкен-кішісі болмайды: олардың бәрі маңызды, өйткені әрқайсы көп күш пен өз бетінше жұмыс істеу арқылы ғана келеді. Аня анасы Татьянаны ең маңызды мотиватор деп санайды.

Әр сабақ, қозғалыс Аняға күнделікті еңбекпен келді, кейде қарапайым адамдарға оңай көрінетін дүниені жасай алмағанда көз жасына да ерік берген. Бірақ анасы Аняға демалуға мүмкіндік бермеді.

- Анам ешқашан жеңілдік жасаған емес. Өзім де босаңсымаймын. Мысалы, түймелері бар блузканы алайық. Анам мені бәрін тағуға мәжбүр етеді. Бұл қолдың моторикасын дамытады. Сондықтан, менің блузкаларымның көпшілігі түймелі, бәрін өзім таға алатын жағдайға жеттім. Ал жақында шілтерді байлауды үйрендім. Стақан суды немесе табақты өзім алып жүруге тырысамын.

2018 жылы мектеп оқушысы шаңғы тебуді үйреніпті. Қазір оның мақсаты – Германияда оқу. Аня неміс тілінен сертификат алу үшін үкіметтік бағдарламаны тапсырады. Бұл жоспарының алғашқы қадамы ғана.

Наталья Петровна Умбетова, №38 мектеп психологы, мектеп оқушысын мықты және ынталы тұлға деп сипаттайды.

- Әрине, көп дүние болды. Жылап та келген кезі болды. Бірақ ол жағдайды қалай шешу керегін біледі. Иә, Аня – мықты қыз. Иә, бұл – тұлға. Бір қарағанда нәзік қыз, ал өзі нағыз батыр тұлға. Біз одан үлгі алуымыз керек. Барлығымыз.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: