Ұшу-қону жолағын қайта жаңартқаннан кейін Үржар әуежайы орта қашықтықтағы ұшақтарды, соның ішінде жақын шетелдерден келетін ұшақтарды қабылдай алатын болады, деп хабарлайды zakon.kz.
Бұл туралы Шығыс Қазақстан облысында туризмді дамыту мәселелері жөнінде өткен кеңесте аймақ басшысы Даниал Ахметов айтты.
Әкім Шығыс Қазақстан табиғи және мәдени көрікті жерлері мен сауықтыру демалыс орындар саны бойынша жетекші облыстардың бірі екенін атап өтті. Сондықтан, аймақтағы туризмді дамыту ең маңызды мәселе ретінде күн тәртібінен түспейді.
Біздің облыстың інжу-маржаны – Алакөл. Қазір онда су түбін тазарту жұмыстары жүргізіліп, құтқарушылар мен полиция кезекшілік етуде. Осы маусымда 163 қонақ үй мен демалыс базалары демалушыларға қызмет көрсететін болады. Олардың 94-і "ASHYQ" жүйесін қосқан. 900 қызметкердің 80%-ы коронавирусқа қарсы екпе салдырды. Өткен жылдағыдай Алакөлді COVID-19 еркін аймағына айналдырғымыз келеді. Естеріңізге сала кетейін, 2020 жылы жағалауда бірде-бір инфекция тіркелген жоқ, - деді Д.Ахметов.
Сондай-ақ, ол 17 маусымнан бастап Алакөлге дейін Алматы, Нұр-Сұлтан, Семей және Өскемен қалаларынан қосымша пойыздар қатынайтын болады. Тасымалдаушы вагондар саны 61-ге дейін көбейтілді, автобустардың да саны артты. Ал, әуежайдағы қайта жөндеу жұмыстары аяқталған соң ұшу-қону жолағының ұзындығы екі шақырымнан асады. Кейін Үржар әуежайы Embraer типті үлкен ұшақтарды да қабылдай алатын болады.