Жуалы ауданындағы "Көксай" этнотуристік кешенінде өткен кездесуде Жамбыл облысындағы туризм секторының әлеуеті және оны дамытуға қатысты міндеттер сараланды.
Шараға Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев, мемлекеттік және туристік ұйымдардың өкілдері қатысты.
Туризм басқармасының басшысы Жалғас Мұртаза өз баяндамасында пандемия кезінде туризм экономиканың ең көп зардап шеккен салаларының бірі болғанын атап өтті. Ол туристік бизнес өкілдерін аймақтағы туристік ахуалды жақсарту жолында бірлесіп жұмыс істеуге шақырды.
Облысымызда жыл сайын жаңа тарихи, мәдени және туристік орындар ашылуда. Мысалы, біз қазір тұрған "Көксай" этно-туристік кешені солардың бірі. Осыған орай туристік маршруттарды жаңарту туралы шешім қабылданды, - деді ол.
Сонымен қатар, басқарма басшысы "Тобышақты" этно-ауылының, "Каралма" тау-шаңғы базасының құрылысы туралы да тілге тиек етті.
Спикердің айтуынша, жақын арада облыстың негізгі туристік нысандары "Google maps", "Google earth" карталарына қосылмақ.
Бүгінде мемлекеттік лицензиясы жоқ, аттестациядан өтпеген гидтермен, туристік қызмет көрсететін заңсыз экскурсоводтармен және тур ұйымдастырушылармен күрес жүргізілуде. Осындай бұзушылықтардың алдын-алу бойынша арнайы жұмыс тобы құрылған десек, оған тиісті ведомствоның, полиция және мемлекеттік кірістер департаментінің, өңірдегі туроператорлардың өкілдері енген.
Жалғас Мұртаза өңірдегі тарихи-мәдени туризімнен бөлек, балалар мен жасөспірімдер туризмін дамытуға да ерекше көңіл бөлініп жатқандығын атап өтті. Аймақта осы бағытта жұмыс жасайтын бес орталық бар, олар – экология, жас туристер, жас натуралистер, екі туризм және өлкетану орталықтары.
Бүгінгі таңда облыс орталығында жас туристер станциясын ашу мәселесі өзекті күйінде қалып отыр. Бұл мәселені шешуге тек туризм басқармасы ғана емес, басқа да мемлекеттік органдар, туристік бизнес өкілдері де атсалысуы керек,-деді Ж.Мұртаза.
Ол мектеп оқушылары үшін экскурсиялық сапарлар ұйымдастыруға негізделген ашық аспан астындағы арнайы сабақтар өткізу жобасын жүзеге асыруды ұсынды.
Кездесуге қатысушылар тақырыпқа қатысты орамды ойларымен бөлісіп, түрлі ұсыныстарын ортаға салды.
"Жамбыл Сервис" ЖШС директоры Валерия Баутева балалар мен жасөспірімдер туризмін дамытуға жан-жақты қолдау қажет деп санайды. Ол облыс әкімдігі жанынан жауапты органдардың қызметін үйлестіретін кеңес құруды ұсынды. Оны өңірлік "Снежный барс" спорттық туризм және альпинизм федерациясының өкілі Юрий Горборуков та қолдады. Ол тауға шығу бойынша арнайы маманданған ардагерлер жастармен өз тәжірибелерімен бөлісуге дайын екенін айтты.
"Арк" ЖШС директоры Ескендір Төрбеков те маңызды мәселелеге назар аудартып, ішкі туризмді дамытудың өңірлік бағдарламасын жасау, ғылыми-зерттеу жұмыстарына жергілікті бюджеттен ақша қарастыру қажеттігін алға тартты.
Бердібек Сапарбаев барлық ұсыныстарды қолдап, жауапты тұлғаларға тиісті тапсырмалар жүктеді.
Өткен жылы Жамбыл облысына 95 мыңға жуық турист келген. Биыл бұл көрсеткіш 100 мыңға жуықтайды деп күтілуде. Біздің өңір тарихи орындары мен табиғаты көркем жерлерімен шетелдік қонақтар үшін қашан да тартымды. Тараз қаласы – Ұлы Жібек жолындағы ең көне қалалардың бірі. Мұнда туристік кластерді дамытуға барлық жағдай баршылық, оны тек ұтымды ұқсатсата білу керек. Бұл орайда мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдар бірлесіп жұмыс істегені абзал.
Патриоттық тәрбие беруде жоғары рөлге ие жасөспірімдер туризімін дамыту қажет. Балалар өз өлкесінің тарихын біліп өсуі тиіс. Бұл іске білікті мамандарды тарту – аса маңызды, - деді облыс әкімі.
Бердібек Сапарбаев кәсіби кадрларды даярлау мәселелеріне тоқталып, туристерге облыс туралы жан-жақты ақпарат бере отырып, өңірде қажетті көлік-логистикалық инфрақұрылымын құрудың маңыздылығын тілге тиек етті.