Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев «Қазфосфат» ЖШС Бас директоры Нұрхан Нұрлановпен кездесті.
«Сіздермен бірлескен қызметтегі басты міндеттеріміздің бірі – әрбір қызметкерді құқықтық және әлеуметтік тұрғыдан қорғау. Сондай - ақ, біз барлық экологиялық талаптардың сақталуына айрықша мүдделіміз», - деп атап өтті Б.Сапарбаев.
Өз кезегінде «Қазфосфат» ЖШС-нің бас директоры Н.Нұрланов облыс әкіміне 3 жыл ішінде 250 миллиард теңгеден астам сомаға жоспарланған кәсіпорынды одан әрі дамытудың жаңа жобаларымен таныстырды.
Мәселен, «Қазфосфат» жақын арада өндіріс көлемін ұлғайту, цифрландыруды пайдалана отырып, жұмыстың тиімділігін арттыру үшін жаңа технологияларды енгізу, 42 млрд.теңге мөлшерінде инвестициялар тарта отырып, 500 тоннаға дейін өнім шығаратын минералдық тыңайтқыштар зауытының екінші кезеңінің құрылысын аяқтауды жоспарлауда.
Сондай-ақ, тиімділікті арттыру үшін компания құны 42 миллиард теңгені құрайтын жаңа ұсақтау-елеу кешені мен ұнтақтау қондырғысын салуды жоспарлап отыр.
«Казфосфат» ЖШС 1 шілдеден бастап кәсіпорын жұмысшыларының жалақысын 15% -ға арттыруда, облыстың білім беру мекемелерімен бірлесіп болашақ кадрларды даярлау бойынша да жұмыстар қолға алынған. Бұдан бөлек, биыл Қаратау қаласынан халықтың әлеуметтік осал топтарына және ЖШС қызметкерлеріне арнап 72 пәтерлі тұрғын үйді пайдалануға беруді көздеп отыр.
Ағымдағы жылдың мамыр айында компанияның барлық жұмысшыларына бір реттік материалдық көмек көрсетіпті.
Сондай-ақ, Жаңатас қаласындағы «Казфосфат» ЖШС қызметкерлері мен халықтың әлеуметтік осал топтары үшін әлеуметтік тұрғын үй (240 пәтер) құрылысы, «Көктал» шипажайын жаңарту жұмыстары жүргізілуде.
Кездесуді қорытындылай келе, аймақ басшысы Б.Сапарбаев ЖШС өкілдерін біздің аймақтың аумағында жуғыш заттар шығаратын жаңа зауыт салу, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында заманауи спорт кешенін салу мүмкіндігін қарастыруға шақырып, «Таразға тарту» жобасы шеңберінде «Үш бұлақ» жағалауын қайта құру мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.