Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев "Жеңіс" саябағында бір топ спортшылармен кездесті. Кездесуге елорда күніне орай ұйымдастырылған "Қазақстан Барысы" турнирінде жүлделі екінші орынға ие болған Ғалымжан Қырықбай, көкпардан ел біріншілігінде топ жарған "Әулиеата" ат спорты клубының көкпаршылары және "Өнер көкпары" додасындағы жеңімпаздар мен жүлдегерлер және спорт саласының ардагерлері қатысты.
Бүгінде спорт саласына мемлекет тарапынан аз көңіл бөлініп жатқан жоқ. Бұл сіздерге жеңіске деген жігер береді деп сенемін. Сіздердің жеңістеріңіздің арқасында еліміз бен өңірімізді төрткүл әлем тануда. Қазір облыста бұқаралық спортпен шұғылданатындардың саны аймақ тұрғындарының 32 пайызын құрайды. Алдағы уақытта оны 40 пайызға жеткізуіміз керек. Ұлттық құраманың 10 пайызы біздің спортшылардан құралған. Бұл Жамбыл спорты үшін үлкен олжа.
Жамбылдық спортшылар Токио қаласында өтетін Олимпиада ойындарына 5 лицензия, XVI жазғы Паралимпиада ойындарына 4 лицензия ұтып алды.
"Әулиеата" көкпаршылары еліміздің 11 дүркін чемпионы атанды. Одан бөлек жас көкпаршыларымыз да танылып келеді. Ал "Қазақстан Барысы" турнирінде күміс белбеуге қол жеткізген Ғалымжан Қырықбай осы бәсекеде үш дүркін жеңімпазы атанған Бейбіт Ыстыбаевтай ағасының ерлігін қайталайды деп сенемін. Бұдан бөлек "Өнер көкпары" аламанында да жерлестеріміз топ жарды.
Сіздердің жеңістеріңіз бен жігерлеріңіз кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге. Жастарды жаман әдеттен арылту үшін біз оларды көптеп спортқа тартып, осындай ағаларының ерлігін үлгі етуіміз керек. Барлықтарыңызға облыс намысын қолдан бермей, абыройын асқақтатып жүргендеріңіз үшін алғыс білдіремін, - деді өңір басшысы.
Бұдан кейін облыс әкімі қазіргі таңда чемпиондардың айлық жалақысын көтеру және көкпаршылардың аттарын өзге өңірлерге тасымалдау үшін көлікпен қамтамасыз ету сынды мәселелер айтылып жатқанын, бұны жақын арада шешіп беруге күш салатынын жеткізді.
Өз кезегінде ұлттық спорт түрлерінен "Әулие-Ата" кәсіпқой клубының директоры Нұрдәулет Момынов облыс әкімінің тұрақты қолдауына алғысын білдіріп, көкейінде жүрген өтініш-тілегін де жеткізді.
Бүгінде клубта 15 ат болса, соның басым бөлігі жарыстарда жарақат алды. Сондықтан сізден мүмкін болса жақсы аттармен клубты қамтып берсеңіз деген өтініш бар, - деді клуб директоры.
"Қазақстан Барысы" турнирінің күміс жүлдегері Ғалымжан Қырықбай болса, облыс әкімі мен жамбылдық жанкүйерлердің қолдауына алғысын білдіре отырып, келер жылғы турнирде алтын белбеумен оралуға уәде етті.
Өнер көкпаршыларының атынан сөз алған Файзулла Сағымбаев "Өнер көкпары" командасында облыс намысын қорғап жүрген 15 жігіт Алматы қаласында өтетін "Ұлы дала" ойындарында бақ сынауға дайындалып жатқандарынан хабардар етті.
Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев барлық спортшылардың өтініш-тілектері ескерусіз қалмайтынын айтып, ұлттық ойындарды дамыту арқылы туристік кластерді дамытуға айрықша назар аударды. Осы бағытта ауқымды жобаларға жан бітіріп, сала мамандарын бірлесе жұмыс жасауға шақырды.