Янаикино ауылының әкімін Орал-Атырау тас жолында полиция қызметкерлері тоқтатып, оның мас күйде екенін көрген, деп хабарлайды zakon.kz.
29 шілдеде Мемлекеттік қызмет істері департаментінде Әдеп жөніндегі кеңестің отырысы өтті. Кеңес мүшелері Бәйтерек ауданының Янаикино ауылының әкіміне қатысты тәртіптік істі қарады, - деп жазады "Мой город" порталы.
Мемлекеттік қызмет істері департаментінің қызметкері Дәурен Хайров айтқандай, биыл 11 мамырда Яникино ауылының әкімі Ауған Әлмурзин тізгіндеген көлік Орал-Атырау тас жолында тоқтатылды.
Шенеунік мас күйінде болған, мұны медициналық тексеру сараптамасы растады. 17 мамырда сот шешімімен ол ҚР Әкімшілік кодексінің 608 -бабы, "Көлік құралын жүргізушінің мас күйінде басқаруы" бойынша көзделген құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Ол 15 тәулікке қамауға алынды, сонымен қатар көлік жүргізу құқығынан айырылды, - деді Хайров.
Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы Ғалым Тұрсынбаев бұл жағдайға ашуланып, мемлекеттік қызметшінің әрекетін ешқандай нәрсе ақтай алмайтынын айтты. Орал-Атырау жолы - БҚО-дағы ең қауіпті маршруттардың бірі, оны ел арасында "өлім жолы" деп те атайды. Мас жүргізуші - ықтимал қылмыскер. Сіз мемлекеттік қызметші түгілі жәй адам ретінде мас күйінде көлік рөліне отыруға құқығыңыз жоқ еді, - деді Тұрсынбаев ашуланып.
Айыпты әкім өзін ақтауға тырысып, ол күні мас болмағанын, тек түнгі ішістен иіс қалғанын айтты.
Мені тас жолдың өзінде емес, Янаикино ауылына бұрылған кезде тоқтатты, - деді ол.
Қызу талқыдан кейін Әдеп жөніндегі кеңес шенеунікті қызметінен босату туралы шешім қабылдады.