Семейдегі жолаушы тасымалына жауапты компанияның жұмысшылары бүгін тағы жолға шықпады. Мекемеде еңбек етіп жүрген 400-ге жуық қызметкер екі айдан бері жалақы алмағандарын айтады. Қаржыдан тарыққан жұрт несиені айтпағанда, ішерге тамақ таппай отырмыз деп налыды, деп хабарлайды zakon.kz "Еуразия" бірінші арнасына сілтеме жасап.
"Semey Bus" автопаркінің бір топ қызметкері тағы да бас көтерді. Бұл жолғы дау да сол баяғы жауыр болған жалақының жыры. Жиналғандар екі айдан бері айлық алмағандарын айтады.
Айдын Ахметқалиев, автобус жүргізушісі:
Процентін әкеліп берем деген четверг күні. Соған кеп тұрмыз. Ал келмесе, сөзінде тұрмаса, күн де осы арада жиналып, до конца жалақымызды сұраймыз. Енді әкім өзінің еркектігін көрсетті. Сөзінде тұрды. 49 процентін берді кеше.
Қарлығаш Мұхамдиев, автобус жүргізушісінің жұбайы:
Ақшаларын бермей жатыр міне. 6 баламыз бар. 3 балам инвалид. 1 жас 4 ай балам онкологически. Сол баланы больницаға әкете алмай жатырмыз. Қаражатымыз жоқ. Магазинге қарызға кіріп кеттік. ақшамызды берсін. Баламды апарайын.
Жұмыскерлердің бұлайша күйінетін реті бар. Мұнда еңбек етіп жүргендердің дені отбасын жалғыз айлықпен асырап жүргендер өйткені. Автопарк иесі тіпті қызметкерлерінің шағымын елемек түгілі, жөнін айтып жауап беруден қалған.
Владимир Петров, автобус жүргізушісі:
Бастығымыз міне кіріп-шығып жүр. Тіпті бізді елемейді. Тым құрығанда маусым айын төлесін. Отбасымыз аш отыр. Азық-түлікті дүкеннен қарызға алып жүрмыз. Құр айтылған уәдеден шаршадық. Банкте кредитім бар. Олар да звондап жатыр.
Автопарктің 49 пайызы Семей әкімдігіне тиесілі. Қала басшылығы өз міндеттерінен құтылып, екі айлық жалақының жартысын жұмыскерлерге аударып қойған.
Айдар Садырбаев, Семей қаласы әкімінің орынбасары:
"Semey Bus" ЖШС-де еңбекақыға байланысты орын алған жағдай бойынша бір апта бұрын әкімдік 49 пайызын есебін айырысып, 51 пайызын құрылтайшысы уағдаға келген болатын. жалпы жиыны 380 адамның төңірегінде жұмысшылар саны. Кешегі кешке 282-сі төленді. Қазір міне 314-і тағы да алды.
Ал компания басшысы әкімдік өзіне тиесілі 49 пайыз жалақыны аударған жағдайда ғана мәселені толықтай шешуге кірісетіндерін айтқан. Алайда жауаптылар жұмысшылардың айлығы нақты қай күні берілетіні жайлы әлі де жақ ашпай отыр.
Болат Қылышбеков, ЖШС директоры:
Негізі мына біздің учередитель келіскен былай. 49 процентті акимат береді. 51 процентті береді учереждитель. Ең бірінші акимат бергеннен кейін учереждитель береді. Оны беру үшін мына қағаздарды алып алу керек. И соған қарап, 51 процентті салады. Ол енді бүгін бола ма ертең ба, но бүгін деп айтқам.
Айта кетейік, "Semey Bus" автопаркінің осыған дейін талай мәрте басы дауға қалған болатын. 104 автобустың барлығы бірдей жұмысқа шығудан бас тартып, тұрғындарды әбігерге салғаны есте. Кәсіпорын жүргізушілерге демалыс және мейрам күндері жұмысқа шыққаны үшін тиесілі ақшасын бермей жауапқа тартылған. Кейіннен мекемеге қарсы жоспардан тыс тексеріс басталып, қосымша 72 заңбұзушылық анықталды.