Қазақстан жастар қоғамдық қорының ұйымдастыруымен "Nur Otan" партиясы жанындағы "Jas Otan" жастар қанатының қолдауымен "Шынықсаң шымыр боласың" атты кездесуі өтті, дейді Алматы қаласы бойынша ҚАЖД баспасөз қызметі.
Спорттың адам денсаулығына тигізетін ықпалының зор екені белгілі. Әсіресе жас күнінен бастап спортпен шыныққан балалардың денсаулығы мықты болады. Сондықтан да мектептерде дене шынықтыру сабағына әрдайым баса көңіл бөлінеді. Осы орайда Алматы қаласы бойынша ҚАЖД ЛА-155/6 мекемесіндегі жасөспірім сотталған балаларды спортқа баулу жұмысы да үнемі басты назарда ұсталады. Жазалы балалардың арасында спортты жанына серік еткендер де бар. Олар бостандықта жүргенде небір спорт түрлерімен айналысып, ол жолда жетістікке де жеткен жасөспірімдер. Әр мереке сайын колония тәрбиеленушілерінің арасында спорттық жарыстар ұйымдастырылады, тіптен жазалы балалар Алматы қаласындағы оқу орындарының командаларымен де күш сынасып, жүлделі орындар алып жүр. Ал, осындай спорт сүйер балалар үшін дзюдодан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, әлем чемпионатының қола жүлдегері, Ұлттық құрама мүшесі Бауыржан Нарбаевпен кездесу естен кетпес естелік болды. Онлайн кездесу барысында атақты спортшы Бауыржан Нарбаев балаларға дзюдо спортының тарихы жайлы әңгімелеп, бұл спорт түрінің денсаулыққа пайдасын да тілге тиек етті. Дзюдоның отаны болып Жапония елі саналады екен. Ол жазғы олимпиада ойындарына 964 жылы Токиода өткен жазғы Олимпиада ойындарында қосылыпты.
Бауыржан Нарбаев Маңғыстаудағы "Жас батыр" спорт мектебінің түлегі. 19 жасында-ақ жастар арасында Азия чемпионы атанған оның спорттағы жеңістері колониядағы балалар үшін үлкен өнеге болды. Алғашында Манарбек Бисекенов, Сергей Волобуев сияқты жаттықтырушылардан тәлім алған Бауыржанның қазіргі жаттықтырушысы – Айдын Смағұлов.
Атақты дзюдошы балалармен онлайн әңгіме кезінде спортта жеңіске жету үшін күндіз-түні жаттығу қажет екенін, жеңістің оңайлықпен емес, осындай ащы термен келетінін түсіндіріп, жас спортшылардың жігерін жаныды.
"Шынықсаң шымыр боласың" атты кездесуді ZOOM жүйесі арқылы ұйымдастырған Алматы қалалық Жас Отан жастар қанатының үйлестірушілері балалар колониясындағы жасөспірімдер үшін алдағы уақытта да осындай маңызды кездесулер ұйымдастыратындықтарын айтып қуантты.
Сонымен қатар, жазасын өтеушілерге психолог мамандар Талипбаев Ерлан және Бақытова Аяулым онлайн тренинг жүргізді. Ең алдымен, тренингтің барысында, аудиториямен танысу мақсатында "Қар добы" атты жаттығуы жүргізілді. Жазасын өтеушілер өздерінінің есімдерін және өздеріне тән жағымды қасиеттерін атап өтті.
Ары қарай, қатысушылармен тығыз қарым-қатынас орнату үшін "Барахолка" техникасы жүргізілді. Бұл техниканы жүргізу барысында, жазасын өтеуші жастар бірнеше сұраққа жауап беру арқылы, өздері жайлы мәліметтермен бөлісті. Сонымен қатар, аудиторияны белсендіру үшін психолог мамандар "Бағдаршам" атты әдісті өткізді. Бұл әдіске қатысу кезінде, аудиторияда жағымды атмосфера орнап, жазасын өтеушілер арасында белсенділік артты.
Кездесудің соңында "Кері байланыс" жүргізіліп, қатысушылардың ой-пікірі сұралды. Әрбір жазасын өтеуші, өздерінің бүгінгі кездесуден алған әсерлерімен, ішкі сезімдерімен бөлісті. Оған қоса, болашақта осындай психологиялық тренингтердің, қызықты техникалардың жиі болғанын қалайтындары жайлы айтып өтті.