Үкімет отырысында ҚР Ұлттық Банкі төрағасы Ерболат Досаев инфляцияға қарсы шараларының кешені жөнінде баяндама жасады, деп хабарлайды zakon.kz.
Досаевтың сөзінше, инфляцияны тұрақтандыру бойынша Мемлекет басшысы алға қойған орта мерзімді мақсаттарға қол жеткізу үшін Үкімет тауарлардың өндірісі, экспорты мен импорты балансын қатаң сақтай отырып, ішкі нарықты жан-жақты толықтыру, агроөнеркәсіптік кешеннің өнімділігін арттыру және тиімді тауар өткізу жүйесін дамыту жөніндегі бастамаларды іске асырады. Бұл азық-түлік инфляциясын 2022 жылы
6%-ке дейін және 2023-2024 жылдары 5%-ке дейін төмендетуге мүмкіндік береді.
– Бірқатар облыстарда биылғы жылдың басынан бастап бағалардың тұрақты түрде жоғары өсімі байқалады. Мысалы, осы жылғы тамызда 5 өңірде инфляция 9%-тен жоғары қалыптасты. Осыған байланысты Ұлттық Банк аталған облыстар үшін инфляцияны тұрақтандырудың арнайы жоспарларын қабылдап, өңірлермен бөлек-бөлек жұмыс жүргізуді ұсынды, – деді ол.
Шаралар кешеніне қосымша орта мерзімді перспективада Үкімет, Ұлттық Банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі арасындағы Макроэкономикалық саясат шараларын үйлестіру туралы 2021-2023 жылдарға арналған келісімді тиімді іске асыру да инфляцияны орнықты түрде төмендетуге ықпал ететін болады.
Біздің бірлескен жұмысымыздың негізгі бағыттары бюджеттің мұнайға жатпайтын тапшылығын одан әрі төмендету, тауарлар мен қызметтердің шикізатқа жатпайтын экспортының көлемін ұлғайту, сондай-ақ азық-түлік тауарларын тұтынудағы импорт үлесін төмендету болып табылады. Өз өкілеттіктері шеңберінде Ақша-кредит саясатының 2030 жылғы дейінгі стратегиясына сәйкес шамадан тыс өтімділікті қысқарту үшін Ұлттық Банк 2025 жылға дейін экономиканы қолдаудың мемлекеттік бағдарламаларынан кезең-кезеңімен толық шығуға ниеттеніп отыр. Ұлттық Банк баға тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін дезинфляциялық ақша-кредит саясатын жүргізуді жалғастырады. Үкімет тарапынан ұсынылған инфляцияның монетарлық емес факторларын төмендету шаралары тиімді іске асырылған жағдайда, Ұлттық Банк баға тұрақтылығына қолжеткізуді ескере отырып, ақша-кредит талаптарын жеңілдету жөнінде шешім қабылдауға дайын екенін растайды. Мемлекет басшысының инфляцияны 2022 жылы 4-6% нысаналы дәлізге және 2023-2024 жылдары 4-5% нысаналы дәлізге енгізу жөніндегі тапсырмаларын орындауға Шаралар кешенінің барлығын толыққанды іске асыру нәтижесінде қол жеткізілетін болады деп есептеймін, деді ол.