Елімізде екпе алғандар арасындағы ең егде азамат Заманбай Атишов. 91 жастағы қария Түркістан облысы Кентау қаласында тұрады, деп хабарлайды Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Қария 1930 жылы Қарнақ ауылында дүниеге келген. Вакцинаның екі компонентін де қабылдапты, жағдайы өте жақсы.
Қарияны бақылауға алған дәрігерлер осылай дейді.
Ғылым дәлелдеген екпеге сенім артып, індеттен сақтану үшін екпе қабылдадым. Баларым да қабылдады. Бұл індетті жеңу үшін дәрігерлерге сенім арту қажет, дейді 10 немере мен шөбере тәрбиелеп отырған ақсақал.
Егу науқаны басталғалы Кентауда 50 мыңға жуық азамат вакцина салдырған. Соның ішінде жасы үлкен қариялар жетерлік. Екпе қабылдаған егде жастағы қария Мұхтархан Жалаловтың жасы 85-тен асқан. Вирусқа қарсы Спутник-V вакцинасының екі дозасын да қабылдап үлгерген қария денсаулыққа немқұрайлы қарамау керектігін айтады.
Қарнақ ауылының емхана қызметкерлері өз еркімен екпе салдыратын егде жастағылардың қатары қалың екенін айтады. Ресми мәліметке сүйенсек, Қазақстанда 80-89 жас аралығындағы 32 866 зейнеткер коронавирусқа қарсы екпе қабылдаған.
Белсенді қарттардың басым бөлігі Шығыс Қазақстан, Түркістан облыстары мен Алматы қаласында тұрады.