Алматы әуежайына Ауғанстан аумағынан этникалық қазақтардың бірінші легі келіп қонды. Қандастарымызды Ауғанстаннан шығару Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес Сыртқы істер министрлігінің ұйымдастыруымен және Қазақстан Республикасының Кабулдағы елшілігінің қолдауымен жүзеге асырылды, деп хабарлайды zakon.kz.
Ауғанстан сияқты жерден атамекеніне оралған қандастар қуанышын жасырмайды.
- Атамекенге келгеніме, маған көмектесіп, осында алып келгені үшін рахмет. Атамекенімізге келгенімізге қатты қуаныштымыз. Әйелімнің паспорты болмағаны үшін келе алмады. Біз бір отбасыдан алты адам келдік: анам, екі інім және өзім, үш қарындасым. Елшілікте біздің қазақ екендігімізді айттым. Тахар қаласынан келдік. Коммиссар бізді шақырып, сұрақтар қойды. Қазақсың ба жоқ па, Қазақстанда туыстарың бар ма деп сұрады. Біздер жауап бердік. Иә, руым Қожа, ұлтым Қазақ. Керекті құжаттарды дайындап, елшілікке тапсырдық. Қазақстан Үкіметіне, Президентімізге шексіз рахмет айтамын, - деп қазақша сайрап тұр Хасан есімді Ауғанстаннан келген қазақ.
Жайна Тәттімбетова