Нұғымановтар отбасы "7-20-25" бағдарламасының арқасында Алматыдан қалай жаңа пәтер сатып алғандарын айтып берді.
Айта кетейік, Қазақстан Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, 2020 жылы 343 мыңнан астам қазақстандық ел ішінде өңірлерге қоныс аударған. Көбісі Алматы қаласына көшкен. Мысалы, былтыр оңтүстік астанаға Алматы, Түркістан, Жамбыл және Шығыс Қазақстан облыстарынан 72 мыңнан астам адам көшіп келген.
Зәуре Нұғыманова да жолдасымен бірге Алматыға қоныс тіреген. Ол тұрғын үй бағдарламасының арқасында өңірден келіп, ірі мегаполистен қалай пәтер сатып алғандарын айтып берді.
Алматыға ШҚО-дан қоныс аударған соң, қаланың әр шетінен пәтер жалдап жүрдік. Зейнетақы қорындағы жинақты пайдалануға рұқсат еткен кезде, күйеуімнің 5 млн теңгесін алғашқы жарнаға пайдаландық. Бірінші барған банк ипотека берген жоқ, бірақ, екінші банк арқылы үй алдық, - дейді инженер Зәуре Нұғыманова.
Нұғымановтар "7-20-25" бағдарламасы туралы аяқ асты естіп, құжат жинай бастаған. Жалпы алғанда, 20 күн ішінде құжаттарды толық рәсімдеп, бір ай өткенде инженерлер отбасы жаңа пәтерге көшіп кірген.
Үйді ұзақ іздедік. Бір күні енді салынып жатқан жаңа тұрғын үйдің сату бөліміне келдік. Менеджер құрылыс туралы айта келе, "7-20-25" бағдарламасына да қатыса алатынымызды айтты. Банкке барып, бағдарлама бойынша несие алдық. Қазір су жаңа пәтерде тұрып жатырмыз, - дейді Зәуре Нұғыманова.
Естеріңізге сала кетейік, "7-20-25" тұрғын үй бағдарламасы жылына 7 % сыйақы көлемімен төмен пайызда тиімді ипотека ұсынады. Алғашқы жарна – үй құнының 20% тең. Ең бастысы, Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтау, Атырау, Шымкентте үй бағасы 25 млн теңгеден, Қарағандыда 20 млн теңгеден, өзге өңірлерден 15 млн теңгеден аспау керек. Ипотека мерзімі - 25 жыл.
Бағдарламаны қаржыландыруға Банк ЦентрКредит, Сбербанк, Қазақстанның Халық Банкі, Еуразиялық банк, Jusan Bank, Bank RBK, Forte Bank, Altyn bank сияқты банктер қатысады.