Бір жыл бұрын карантинге және шекараның жабық болуына байланысты ЕЭО-ға мүше емес елдерден әкелінген көлік иелеріне мұндай машинамен Қазақстанда 2021 жылы 31 наурызға дейін уақытша жүруге рұқсат берілді. Ал сәуірде мерзім 30 қыркүйекке дейін ұзартылды, деп хабарлайды zakon.kz.
Рұқсат мерзімі аяқталуға жақын. Енді шетелде тіркелген көліктерді кедендік баж салығын төлеп, біздің елде тіркеу керек немесе Қазақстан шекарасынан ғана емес, ЕЭО аумағынан шығару қажет. Кедендік талапты бұзғандарды полиция іздеп, көліктер айыптұраққа жіберіледі, ал иелері кедендік бажды толық төлеуге міндеттеледі. Kolesa.kz-ге ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметі хабарлағандай, уақытша тұру мерзімі енді ұзартылмайды.
Кеденшілердің айтуынша, Қазақстан азаматтары Беларусь пен Ресейдің көлік құралдарын уақытша әкелу мерзімін ескермей, ЕЭО аумағында сенімхат арқылы пайдалана алады. Ал Армения мен Қырғызстаннан әкелінген көліктерді сенімхат арқылы басқаруға құқығы жоқ.
Елден шығару туралы міндеттеменің Қазақстанда уақытша тіркелген армениялық автокөліктерге (А сериялы сары нөмір) қатысы жоқ.
Мемлекеттік кірістер комитетінің дерегі бойынша, 2020 жылы наурыздан бастап (елімізде төтенше жағдай енгізілгеннен бері) Қазақстанға 4 708 шетелдік автокөлік уақытша кіргізілген, қазір олардың 500-і бақылауда. Олар Әзірбайжан, Ауғанстан, Босния және Герцеговина, Германия, Грузия, Исландия, Испания, Литва, Польша, Словения, Тәжікстан, Түркіменстан, Өзбекстан, Украина мен Франциядан жеткізілген.