"Nur Otan" партиясы жанындағы Аграрлық секторды дамыту жөніндегі республикалық қоғамдық кеңесте күнделікті тұтынатын азық-түлік бағасының қымбаттауы туралы айтылды, деп хабарлайды zakon.kz.
Аграрлық кеңестің төрағасы, Мәжіліс депутаты Берік Оспановтың айтуынша, "Nur Otan" партиясы өңірлерде азық-түлік қорларын қамтамасыз ету, тапшылық пен бағаның өсуіне жол бермеу мәселелерін бұған дейін де бірнеше рет көтерген.
БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының деректеріне сәйкес, қазіргі таңда әлемдік нарықта азық-түлік тауарларына бағаның өсу үрдісі сақталуда. Мәселен, тамыз айында әлемдік бағалар өткен жылмен салыстырғанда 33%-ға өсті. Қант 9,6%-ға, өсімдік майлары – 6,7%-ға, дәнді дақылдар -3,4%-ға, оның ішінде бидай – 8,8%-ға қымбаттады. Мұның бәрі Қазақстанның ішкі нарығындағы бағаның өсуіне әсер етеді. Өйткені былтырдың өзінде елге әкелінген ауыл шаруашылығы өнімдерінің импорты 4 млрд. АҚШ долларын құрады, - деді Берік Оспанов.
Жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасы 9,6%-ға өсті. Ең жоғары өсім Нұр-сұлтан қаласында (11,3%), Қызылорда (11,2%) және Жамбыл (10,7%) облыстарында орын алды. Бұл ретте жыл басынан бері бірде-бір аймақта азық-түлік бағасының төмендеуі байқалмады.
Азық-түлік тауарларынан ең қатты қымбаттаған – сәбіз. Оның бағасы 40,7%-ға, күнбағыс майы – 29,4%-ға, қырыққабат – 25,7%-ға, картоп – 21,2%-ға, пияз – 19,5%-ға, және осы жылдың 8 айында өндіріс көлемінің 3 есеге артқанына қарамастан, қант 13%- ға қымбаттаған.
Талдау көрсеткендей, жыл сайын картоп пен сәбіздің бағасы негізінен маусымнан тыс кезеңде (наурыз-шілде) және егін жинау науқанының аяқталуына байланысты кейде қыста көтеріледі. Мұнымен қоса, бүгінгі таңда көкөніс (картоп, сәбіз, пияз, қызылша, қырыққабат) бағасының одан әрі өсуіне әсер ететін бірқатар факторлар бар. Атап айтқанда, көлік шығындарының өсуі, биыл жазда бірнеше аймақта орын алған құрғақшылық, жалдау ақысының өсуі және т.б. Нақты шаралар қабылданбаған жағдайда бағалар маусымдық мерзім басталғанға дейін өсуі мүмкін. Бұл болжам бойынша, осы жылдың соңына дейін, - деп атап өтті ол.
Берік Оспановтың айтуынша, Ауыл шаруашылығы министрлігі мен жергілікті атқарушы органдар іске асырып жатқан шекті мәндер мен рұқсат етілген бөлшек сауда бағаларын белгілеу, азық-түлік жәрмеңкелерін ұйымдастыру, сауда желілерін несиелеу сияқты шаралар ешбір өңірде инфляцияны белгіленген немесе одан төмен деңгейде ұстап тұра алмауда. Сонымен қатар, өңірлерде тұрақтандыру қорларын қалыптастыру бойынша жұмыс тиісті деңгейде ұйымдастырылмаған.
Өңірлердің деректері бойынша азық-түлік тауарларының қолда бар қорларымен қамтамасыз етілуі (нақты тұтыну бойынша) бірнеше күннен бір аптаға дейінгі уақытқа ғана жетеді. Мысалы, 20 қыркүйектегі жағдай бойынша Ақтөбе және Жамбыл облыстарында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бірнеше түрі (ұн, күріш) бойынша ғана қорлар қалды. Ал Атырау және Шығыс Қазақстан облыстарындағы тұрақтандыру қорларында азық-түлік тауарларының қоры жоқ. Тұрақтандыру қорларын қалыптастыру үшін ең аз қаржыландыру Солтүстік Қазақстан (146,6 млн. теңге), Қызылорда (83,5 млн. теңге) және Шығыс Қазақстан облыстарында (23,6 млн.теңге) көзделген, - деді Кеңес төрағасы.
Оның айтуынша, тұрақтандыру қорларында бұрын сатып алынған азық-түлік көлемі алдағы кезеңде жеткіліксіз болады. Осыған байланысты, бағаның алыпсатарлық өсуін азайту мақсатында 2021 жылдың көктеміндегіндей бағаны көтеру әрекеттеріне тиісті түрде жауап беру қажет.
Қазіргі уақытта базарларда алыпсатарлар өте жоғары үстеме баға қояды. Мысалы, бүгінде ауыл шаруашылығы өндірушілері картоп пен сәбізді тиісінше 70-80 және 110 теңге бағамен сатады. Ал базарларда баға 155 және 205 теңгеге дейін жетеді (мәселен, Ақтау қаласында – картоп 189 тг, сәбіз 287 тг).
Мұндай фактілер тікелей шаруашылықтардан өнімді форвардтық сатып алудың әлсіз ұйымдастырылғанын айғақтайды. Ірі ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының ақпараты бойынша, 2020 жылдың жазында өңірлік ӘКК-ге ауыл шаруашылығы өнімдерін белгіленген баға бойынша сақтау шарттарын жасасу туралы ұсыныспен жіберілген хаттарға жауап болмаған. Нәтижесінде маусым айында картоп бағасы республика бойынша орташа есеппен бір келісі үшін 217 теңгеге, ал жекелеген өңірлерде 290 теңгеге жетті, - деді Берік Оспанов.
Осыған байланысты, "Nur Otan" партиясы жанындағы Аграрлық секторды дамыту жөніндегі республикалық қоғамдық кеңес Ауыл шаруашылығы министрлігі, "Nur Otan" партиясының өңірлік филиалдарының төрағалары – облыс әкімдеріне нарықты тұрақтандыру және негізгі азық-түлік өнімдері бағасының өсуіне жол бермеу үшін жеткілікті азық-түлік тауарларының қажетті тізбесі мен көлемін айқындауға, өнімді тікелей тауар өндірушілерден төмен бағамен сатып алу арқылы өңірлік тұрақтандыру қорларында азық-түліктің жеткілікті резервтерін қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдауға қатысты бірқатар ұсынымдар берді.
"Nur Otan" партиясы жанындағы Аграрлық секторды дамыту жөніндегі өңірлік және аумақтық қоғамдық кеңестерге осы жылдың 8 қазанына дейін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының өсуіне жол бермеу және ішкі нарықты отандық азық-түлік тауарларымен молайту мәселесін қарастыру тапсырылды.
Қабылданған шаралар туралы ақпаратты партияның Орталық аппаратына 2021 жылғы 1 қарашаға дейін ұсыну қажет екені хабарланды.