Мәжілісте "Nur Otan" партиясы фракциясының мүшесі, депутат Ж.Сүлейменова Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Ә.Смайыловқа депутатттық сауал жолдады, деп хабарлайды zakon.kz.
Сауалда былай делінеді:
"Nur Otan" партиясы – сапалы әрі қолжетімді біліммен қамтамасыз етуді ел дамуының басты факторы ретінде айқындайды. Мемлекет басшысының Жолдауында 2025 жылдың 1 қаңтарында мектептерде оқушы орнының тапшылығы миллионға жететіндігі болжанып, соған байланысты салынатын жаңа мектептер санын 800-ден 1000-ға дейін арттыру тапсырылды. Алайда, Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасында көрсетілген жаңа мектептер салу есебінен апатты және үш ауысымды мектептер проблемасын түпкілікті шешуде әлі де түйінді мәселелер бар.
Ең басты мәселе, мемлекеттік бюджет қаражатының дұрыс жоспарланбауы. Орта білім беру объектілерінің құрылысы бюджет қаражаты есебінен үнемі жеткіліксіз қаржыландырылуда. Атап айтқанда, қазір мектептер құрылысына жан басына шаққандағы нормативті есептеу әдістемесі 2020 жылы қабылданған 6 айлық есептік көрсеткіш базалық тарифіне негізделген. Алайда, 2019 жылы республикалық бюджет комиссиясының шешімімен Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысына сәйкес үш ауысымды оқытуды, апатты мектептерді және оқушы орындарының тапшылығын жою мақсатында мектептер салуға арналған базалық норматив 6 айлық есептік көрсеткіштен 9 айлық есептік көрсеткішке дейін көтерілген. Яғни, 6 айлық есептік көрсеткіш базалық тарифі мектеп құрылысын салуға жеткіліксіз екендігі 2019 жылдың өзінде белгілі болған.
Осы кезге дейінгі есептеулер ескі нормативтермен, 6 айлық есептік көрсеткіш негізінде жүргізіліп келеді. Биыл жалпы сипаттағы трансферттерден 200 мектептің құрылысына 95,7 млрд теңге көзделген. Қосымша қаражат 53,0 млрд теңге жұмыспен қамтудың жол картасынан бөлінген. Аталған қаражаттардың жұмыспен қамтудың жол картасы аясында уақтылы қарастырылмауынан және бөлінген қаражаттың аймақтарға дер кезінде жетпеуінен бүгінде 13 мектеп мерзімінен кеш берілмек. Бюджеттің дұрыс жоспарланбауы салдарынан жергілікті атқарушы билік органдары білім беру объектілерін уақытылы эксплуатацияға енгізуде қосымша қаражат іздеуге мәжбір.
Ең өкініштісі, жаңа бюджеттің жобасында осы жағдай қайталанып отыр. Мәселен, келесі жылға 200 мектептің құрылысына жалпы сипаттағы трансферттерден 104,0 млрд теңге көзделген, бұл өткен жылмен салыстырғанда 44 млрд теңгеге аз. Тек құрылыс материалдары бағасының 30%-ға өскенін ескерсек, бүгінгі күннің өзінде бұл қаражаттің жеткіліксіз екені айтпаса да түсінікті. Қаражат тапшылығы кем дегенде 50 млрд.теңгені құрайды.
Екіншіден. Мектептер құрылысына арналған трасферттерді есептеудің қолданыстағы әдістемесі өңірлік бөліністе оқушылар контингентіне сүйенеді. Бұл, өте әділетті шешім. Дегенмен, бүгінде өнеркәсібі белсенді дамып, жұмыс орындары ашылып, "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасымен қоныс аудару қарқынды жүріп жатқан солтүстік және шекара маңындағы өңірлерде де мектептер салуды, оны қайта жаңартуды, авариялық объектілер проблемасын шешуді оңтайлы қарастыру маңызды.
Үшінші мәселе. Мектеп құрылыс стандарттарының ескіруі және мектептер салуға арналған типтік мемлекеттік жобалардың болмауы. Құрылыс стандарттарын жаңартылған білім мазмұнына, инклюзиялық білім негіздеріне сай жетілдіру, сапалы білімге барлық оқушылардың қолжетімділігін қамтамасыз ету қажет.
Құрметті Әлихан Асханұлы! "Nur Otan" партиясы фракциясы мүшелері келесі ұсыныстарды енгіземіз:
- Бірінші, Қазақстан Республикасының Үкіметіне 1000 мектепті салу жөніндегі ведомствоаралық кешенді іс-шаралар жоспарын қабылдау.
- Екінші, мектептер құрылысына жан басына шаққандағы нормативті есептеу үшін базалық тариф көлемін келесі жылдан бастап 9 айлық есептік көрсеткіш аясында қолдануды қарастыру.
- Үшінші, орта білім беру объектілерінің ведомствалық құрылыс нормаларына өзгерістер енгізу.
Салынатын жаңа мектептер – білім саласындағы жасампаз өзгерістерге жауап беруі қажет. Сонда ғана ғаламдық бәсекеге қабілетті білімді ұрпақ тәрбиелей аламыз.