"ЖенПи" деген атпен танымал Қазақ Ұлттық қыздар педагогикалық университетінің жері сатылып кеткен. 2018 жылы саудаланған аумаққа қазір 70-ке жуық баспана да салынған. Ал бірнеше жылдан кейін оқу орнының қазіргі басшылығы бұл жер телімдерінің заңсыз сатылғанын айғақтап, мәселе көтеріп отыр. Екі ортада баспаналы болдық деп қуанған тұрғындар үйімізден айырылып қаламыз ба деп алаңдаулы. Бұл туралы "Еуразия" бірінші арнасы хабарлайды.
Кемертоған ауылынан жер телімін алып, енді ғана етек-жеңін жинаған тұрғындардың алдынан тағы бір тосқауыл шықты. Қолында құжаттары бар жандардың сатып алған жерлері Қазақ ұлттық педагогикалық университетіне тиесілі екен. Мұны олар жақында ғана біліпті.
Асылбек Бекмұратов, Кемертоған ауылының тұрғыны:
Үйіміз бітті енді тек кредитімізді төлеп отырамыз деп ойлап отырған кезде көршіміз жерін сататын болып сол жерінің аресте екені белгілі болған сәттен бастап біздің жеріміз заңсыз екенін, біздің жеріміз женпиге тиесілі бірақ оны қарасай ауданынан қалай сатылғаны туралы ақпараттарды біле бастадық.
Қазір мұнда 3 гектарға дейін ғана жер бос жатыр. Қалғандарының барлығында 70-ке жуық баспана салынған. Бұған дейін жердің заңды иесіміз деп келгендер газ, жол, су яғни коммуналдық жүйенің барлығын өздері ақша шығарып қостырыпты. Әуел баста кеткен қателікке бізді араластырмай, енді жерді өзімізге қалдырып, заңдастырып берсін дейді, көпшілік.
Сәбит Алданазаров, Кемертоған ауылының тұрғыны:
Қазіргі біздің мәселеміз мына жерімізді өзімізге қалдыру. Ешқандай да мынау қыздар университеті дейді, әкімшілік дейді, бізге тек қана осы заңды алған жерімізді өзімізге қалдыру. Жер сатып алған кезімізде нотариус арқылы барып бәрін заңды қылып алғанбыз өзімізге.
Бұл жер 2000 жылдары Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетіне студенттердің зертханалық жұмыстар жүргізуі үшін бөлінген. Алайда, 2018 жылы жоғарғы оқу орнының сол кездегі басшылығы мен Қарасай аудандық әкімдігі мұны мемлекет иелігінен шығарып, 110 учаскіге бөліп сатып жіберген дейді заңгер.
Бақытжан Базарбек, заңгер:
627 кадастерлік нөмірді 2018 жылы мынау әйелдер университетінің басшылығы және мынау Қарасай ауданының әкімдігінің лауазымды тұлғалары және жер кадастр филиалының тиісті лауазымды тұлғаларының өзара сыбайластығының нәтижесінде 9 гектар жер тиісті университет иелігінен үшінші тұлғалардың иелігіне өтіп кеткен.
Бұдан кейін университеттің жері деп шаһардан 30 шақырым қашықтағы орынды көрсеткен. Онда қабірге жақын әрі ешқандай құрылысқа жарамсыз дейді. Ал, оқу орнының қызметкерлері қазір бұл іске қатысы бар адамдардың ұсталғанын хабарлап отыр.
Жандар Асан, университеттің баспасөз хатшысы:
Қарасай ауданы Іргелі ауылдық округіндегі "Қазмис" өндірістік шаруашылық тәжірибие жүргізуге арналған жер телімі ауданы 9 гектарды құрайтын жер учаскесінің нақты жоғалуы бойынша бірқатар заң бұзушылықтарды анықтады. Сәйкесінше университет құзырлы мекемелерге арыз түсіріп Күні кеше ғана осы университеттің бұрынғы басшылары және Қарасай ауданының осы жер мәселесіне байланысты айналысатын бірқатар лауазымды тұлғалары уақытша қамау изоляторына ұсталғандығы туралы.
Бұл жаңалықты сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі де растады. Қазіргі уақытта іске қатысы бар тұлғаларды тергеу жүргізілуде екен.
Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің бұрынғы қызметкері, Қарасай аудандық тіркеу және жер кадастры бөлімінің және Қарасай ауданы әкімдігінің жер қатынастары бөлімінің басшыларын университеттің мүлкін ұрлады деген күдікпен ұсталды. Бүгінгі таңда барлық күдіктілерге соттың санкциясымен бұлтартпау шарасы тағайындалды. Тергеу жалғасуда, жасалған қылмысқа қатысы бар басқа адамдарды анықтау мақсатында қажетті тергеу шаралары жүргізілуде.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің жауабы:
Заңгер Бақытжан Базарбек Кемертоған ауылының маңындағы салынып қойған үйлердің сүрілмейтіндігін алға тартуда. Тек, кінәлі азаматтар әділ жазасын алып, университеттің иелігі үшін басқа аймақтан тура сондай жер берілуін талап етпек. Сонымен қатар әзірге иесі болса да бос жатқан 3 гектар аумақты қайтадан білім ордасының меншігіне қайтару көзделіп отырғанын жеткізді. Енді бұл істің ақ-қарасы сотта анықталмақ.