ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында "Ауыл – Ел бесігі" жобасының іске асырылу барысы қаралды, деп хабарлайды zakon.kz primeminister.kz-ке сілтеме жасап.
Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев, Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов, Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов, Алматы облысының әкімі Амандық Баталов баяндама жасады.
2019 жылы басталған "Ауыл – Ел бесігі" жобасының негізгі мақсаты – ауылдағы өмір сүру сапасын жақсарту, ауылдық аумақтардың инфрақұрылымын жаңғырту, оларды жаңа өңірлік стандарттарға дейін жеткізу. 6,9 млн адам немесе ауыл халқының 89%-ы тұратын 3561 перспективалы ауыл іріктеп алынды.
2019-2020 жылдары ТКШ, көлік, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт салаларында "Ауыл – Ел бесігі" жобасы шеңберінде, сондай-ақ Жұмыспен қамтудың Жол картасын, "Нұрлы жол" және "Нұрлы жер" бағдарламаларын ескере отырып, сомасы 618 млрд теңге болатын 12 мың жоба іске асырылды.
Биыл "Ауыл – Ел бесігі" жобасын іске асыру шеңберінде Павлодар, Қостанай, Жамбыл, Шығыс Қазақстан облыстары көш бастап тұр. Алматы, Қызылорда және Атырау облыстары жобаларды іске асырудың төмен қарқынын көрсетіп отыр.
Алдағы 5 жылда "Ауыл – Ел бесігі" жобасын қаржыландыру көлемі 800 млрд теңгеге дейін ұлғаяды, ал барлық қаржы көздерін ескере отырып, ауылдарды жаңғыртуға 1,3 трлн теңге жоспарланған.
2025 жылы ауылдық жерлерде сумен жабдықтау қызметтерімен 100% қамтамасыз етуге қол жеткізіледі, 10 мың км кентішілік жолдардың жай-күйі жақсартылады, 12 мың км инженерлік желілер, бірнеше мыңдаған әлеуметтік инфрақұрылым нысандары салынды және жөнделді, 5 мың ауыл мектебі жаңғыртылды.
АӨК саласында 4,5 трлн теңге сомасына 1 мыңға жуық жоба іске асырылады. Ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігі 2,5 есе артады, қайта өңделген өнімнің үлесін 70%-ға дейін жеткізе отырып, АӨК өнімдерінің экспорты 2 есе артады. 1 млн ауыл тұрғыны өз табысын арттырады, ауыл шаруашылығында 500 мың жұмыс орны құрылады.
"Ауыл – Ел бесігі" жобасының іс-шараларын іске асыру ауыл халқының өмір сүру сапасын едәуір жақсартады және ауылдарды дамытуға жаңа серпін береді", – деді А. Мамин.
Үкімет басшысы ауылдық аумақтарды дамытудың кешенді және бірыңғай тәсілін, 2025 жылға қарай нысаналы индикаторларға қол жеткізуді, сондай-ақ ауылдық жерлерде кредит қаражатына қажеттіліктің ұлғаюын ескере отырып, АӨК-ні тұрақты қаржыландыруды қамтамасыз етуді тапсырды.