Ақорда резиденциясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен бейнебайланыс форматында Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті, деп хабарлайды zakon.kz.
Жиынға Парламент депутаттары, мемлекеттік органдардың өкілдері, республикалық этномәдени бірлестіктердің жетекшілері, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты, делінеді Ақорданың хабарламасында.
Мемлекет басшысы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сындарлы саясатының арқасында елімізде этносаралық және конфессияаралық келісімнің бірегей үлгісі қалыптасқанын және оның тиімділігін әлем қауымдастығы мойындағанын атап өтті.
– Қастерлі Отанымызда түрлі мәдениеттердің үйлесім тапқаны – соның айқын көрінісі. Бұл – біртұтас ұлт болып ұйысуымыздың басты қағидаты әрі айнымас стратегиялық бағдарымыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент өз Жолдауында ел бірлігін нығайта түсу қажеттігіне айрықша мән бергенін еске сала отырып, осы маңызды бағытта Ассамблеяның басты рөл атқаратынын айтты.
– Кейінгі уақытта Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмысы әртүрлі этникалық топтарды қорғауға және олардың мүдделерін ілгерілетуге бағытталған деген пікірлер жиі айтылады. Бірақ бұл – еліміздегі оның мәні зор екеніне берілген біржақты түсінік. Шын мәнінде, Ассамблея ұлт бірлігін нығайтудың нақты құралына айналды және барлық азаматты ортақ мемлекеттілік идеясының төңірегіне жұмылдыра алды. Ассамблеяны құрудың арқасында өте күрделі проблеманың – этникалық мәселені саясиландырудың алдын алу тетіктері пайда болды, – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Президент Ассамблея халықтың тұтастығын нығайтуға, қазақстандықтарды қоғамдық-саяси өмірге жұмылдыруға, мемлекеттік тіл мен оның Қазақстандағы мәртебесін ілгерілетуге және азаматтық белсенділіктің жаңа формасының қалыптасуына қосқан үлесін атап өтті.
Сонымен қатар Президент этникалық саладағы проблемалар деструктивтік мақсатта пайдаланылып кетуі мүмкін екенін айтты.
– Өкінішке қарай, этникалық факторлар, ұлтаралық қатынастар, әсіресе дағдарыс кезінде түрлі қақтығыстардың ошағы болуы мүмкін екенін әлемдік тәжрибе көрсетіп отыр. Оның деструктивтік әлеуеті ақпараттық және гибридтік соғыстардың, жиі жасалатын популистік мәлімдемелердің, алып-сатарлық пен ашық арандатушылықтың қазіргі дәуірінде айтарлықтай күшейе түсті, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент этносаралық келісім экономикаға және адамдардың әлеуметтік жағдайына тікелей әсер етеді деп есептейді.
– Елдегі тұрақтылықты сақтау үшін мәдениет пен білімнің, ақпараттық қауіпсіздіктің маңызы зор. Біз бұл бағыттағы мемлекеттік саясаттың жан-жақты әрі тиімді, яғни инклюзивті болуын қамтамасыз ететін жүйелі шаралар қабылдадық. Осы мақсатта арнайы құрылымдар жасақталды. Дегенмен, этносаралық келісімді нығайту ісінде әрбір министрлік пен мекеме айрықша рөл атқарады. Әсіресе, әлеуметтік саладағы саясаттың орны бөлек. Шын мәнінде, этносаясатқа құзырлы органдар ғана жауап бермеуі керек. Алдағы міндеттерді табысты орындау үшін мемлекет пен қоғам бірлесе жұмыс істеуі қажет. Сонда ғана біз халқымыздың береке-бірлігін сақтап, мемлекетімізді нығайта аламыз. Тұрақты дамудың және өсіп-өркендеудің бірден-бір жолы – осы, – деді Мемлекет басшысы.
Осыған байланысты Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік органдар мен Қазақстан халқы Ассамблеясына бірқатар басым міндет жүктеді.
Президент ең алдымен мүмкіндіктердің тең болу қағидатына негізделген аймақтық дамуды қамтамасыз етудің маңыздылығына назар аударды. Соның ішінде этникалық анклавтардың туындауына, мәдени және тілдік кедергілерге, этносаралық шиеленістер мен қақтығыстарға әкеліп соғатын әлеуметтік-мәдени оқшаулануға қатысты қатерлерге тоқталды.
Мемлекет басшысы мұндай қатерлердің алдын алу үшін еліміздегі қалалар мен ауылдарда, оқшауланған этникалық аудандар мен кварталдардың қалыптасуы сияқты жағымсыз тенденцияны еңсеруге бағытталған жүйелі шаралар әзірлеу қажеттігін айтты. Сонымен қатар, бірқатар аймақта этникалық топтардың қазақстандық шынайы өмірден алыстауына байланысты "ішкі эмиграция" үрдісі байқалып отырғанына назар аударды.
– Бұл үрдіс этникалық топтардың Қазақстан қоғамына толық интеграциялануына кедергі келтіруі мүмкін. Мұндай күрделі әрі проблемалы жағдайлар туралы ашық айтылуы керек деп ойлаймын. Бұл проблемаларға көз жұмуға болмайды. Әйтпесе, бұл келеңсіздікке әкеп соқтыруы мүмкін және туындаған мәселелерге шынайы баға бере алмаймыз. Мемлекет этникалық топтардың әлеуметтік-экономикалық интеграциялану саясатын жүргізіп, осы негізде кез келген шиеленістің жанжалға ұласпауы үшін алдын алатынын ерекше атап өткім келеді. Мұндай жанжалдардың бәрі теріс пиғылды арандатушылардың ісі екенін жақсы білеміз. Ондай арандатушылармен күресеміз және оларға аяушылық болмайды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің пікірінше, этносаралық қатынастар саласындағы жергілікті атқарушы органдар жұмысының тиімділігін арттыру маңызды міндет. Осыған байланысты бейбітшілік пен келісімді нығайту үшін азаматтық қоғам институттарын жан-жақты қолдау қажет. Тиісті лауазымды тұлғалар олардың қызметін үйлестіруге тікелей жауапты болады.
Мемлекет басшысы жергілікті атқарушы органдардың тағы бір басым міндеті ретінде әлеуметтік, қылмыстық, тұрмыстық жанжалдардың алдын алуды атады. Президенттің пайымдауынша, этникалық астамшылықтың барлық көрінісі, қандай да бір кемсітушілікке, қоғамдық тәртіпті бұзуға жол бермей, ішкі тұрақтылықты заңға сәйкес қамтамасыз етуі керек.
– Біздің бірлігімізге зиян келтіруді көздейтін сырттағы және ішкі теріс пиғылды адамдардың, түрлі авантюристердің, жауапсыз әрі қабілетсіз саясаткерлер мен сарапшылардың жетегінде кетпеу маңызды. "Ит үреді, керуен көшеді" деген сөз бар. Біртұтас қоғам ретінде біздің ұстанымымыздың дұрыс екеніне сенімдіміз. Алайда бұл әрекет етпей отыр дегенді білдірмейді. Біздің қоғамға және мемлекетімізге қарсы арандатушылықтың барлық түріне құқықтық әрі ақпараттық құралдар арқылы тойтарыс беру керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент ҚХА қызметін одан әрі дамыту мәселесіне арнайы тоқталды. Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық Аналар кеңесін құрудың маңызды екенін атап өтті. Аталған Кеңес еліміздің бірлігі мен татулығының өзегі саналатын құндылықтарды жастардың бойына дарытуға септігін тигізеді.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы "Жаңғыру жолы" қозғалысын Ассамблея жанындағы республикалық жастар ұйымы ретінде қайта құру мүмкіндігін қарастыруды ұсынып, жастармен жұмыс жүргізудің маңызды екенін айтты. Бұл ретте, ҚХА жастарының орман алқаптарында 2 миллиард және елді мекендерде 15 миллион түп тал отырғызуға белсенді қатысатынына сенім білдірді. Президент жастар саясатының өзектілігіне мән бере отырып, Ассамблеяның кезекті сессиясын осы тақырыпқа арнауды ұсынды.
Президент Ассамблеяның әлеуметтік және қоғамдық маңызы бар жобаларды қолдау тәсілдерін дамыту мәселесіне көңіл бөлді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, достық үйлерін мәжіліс пен салтанатты жиындарды өткізу залдары емес, ҚХА-ның халық бастамаларының ресурстық орталықтары мен жобалық кеңселеріне айналдырған жөн. Ал этномәдени бірлестіктер бұл жұмысқа белсене атсалысуы керек.
Мемлекет басшысы Ассамблеяны этникалық мәселелер жөнінде оң пікір қалыптастыратын сапалы әрі креативті және тиімді ақпараттық жұмыс жүргізуге шақырды.
– Өңір басшылары жергілікті ассамблеяның жетекшісі ретінде ақпараттық кеңістікте белсенді болуы қажет. Ассамблея мүшелері медиасалада, соның ішінде әлеуметтік желіде өз ұстанымын қорғай білуге тиіс. Еліміздегі бірлік пен татулыққа қарсы айтылған бір де бір сөз жауапсыз қалмауы керек, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев этносаралық саладағы ғылыми негізделген тәсіл – мемлекеттік саясаттың бастауы болуы тиіс екенін айтты. Оның пікірінше, бұл аса күрделі бағытта дилетанттық пен популизмге жол бермеу қажет. Ал елімізде және одан тыс жерлерде туындайтын барлық сұрақтарға ғылыми дәлелдер мен нақты сандарға сүйене отырып, салмақты жауап берілуі қажет.
– Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне интеграция, жалпы ұлттық бірлік, этносаралық қатынастарды үйлестірудің өзекті тақырыбы бойынша пайдалы зерттеулер жүргізуді тапсырамын. Үкімет бұл мәселеге қатысты қажетті қолдау көрсетеді, – деді Мемлекет басшысы.
Президент сөзін қорытындылай келе, жалпыұлттық бірлік қуатты мемлекеттің кепілі екенін айтты.
– Біз отаншылдықты, өзара сыйластық пен татулықты жан-жақты дәріптеуіміз керек. Бұл – мемлекеттің ғана емес, барша азаматтарымыздың ортақ міндеті. Жалпыұлттық бірлік – қуатты мемлекет болудың басты кепілі. Егемен еліміздің баға жетпес байлығын кейінгі ұрпақ үшін сақтай білуіміз керек. Осы жауапты міндетті абыроймен атқарасыздар деп сенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.